Ресейдің үш өңірінде қазақ мектептері ашылады

Ресейдің үш өңірінде қазақ мектептері ашылады
ЖИ: Dalanews.kz

Ресейдің Орынбор, Омбы және Астрахань облыстарында қазақ мектептері ашылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Ақорда» бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, қазірдің өзінде жаңа мектептер салу үшін жер телімдері бөлінген.

Жаңа білім беру ұйымдарындағы оқу бағдарламалары қазақстандық стандарттарға негізделеді. Қазір сарапшылардан құралған жұмыс тобы оқу үдерісіне қатысты негізгі мәселелерді талқылап жатыр.

Атап айтқанда, мектептерде қазақ және орыс тілдерінде білім беру, жаратылыстану бағытындағы пәндерді оқыту, сондай-ақ жасанды интеллект элементтерін енгізу мәселелері қарастырылуда.

Ведомство мәліметінше, бұл бағыттағы ынтымақтастыққа Ресей тарапы да қызығушылық танытып отыр.

Жоба аясында ашылатын мектептер шетелдегі қазақтілді білім беру инфрақұрылымын кеңейтуге және екі ел арасындағы білім саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған.