Астана әуежайында Ресейдің сұрауы бойынша ұсталған Украина азаматы Любовь Рожанская қамаудан босатылып, Қазақстаннан кетті. Ресей билігі оны немересін Украинаға қайтару әрекетіне байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында экстрадициялауды талап еткен, деп хабарлайды dalanews.kz.
Рожанская уақытша ұстау изоляторында үш тәулік болған. Алайда сот оны қамауға алу туралы шешім шығармаған. Бостандыққа шыққаннан кейін әйел бірнеше күн Украинаның Қазақстандағы елшілігінде болып, кейін Еуропа елдерінің бірі арқылы Одессаға аттанған.
Оның адвокаты Алексей Прянишников Ресей тарапының экстрадиция туралы сұрауы әлі ресми түрде кері қайтарылмағанын мәлімдеді. Әйелдің босатылуына Украинаның Сыртқы істер министрлігі мен адам құқықтары жөніндегі уәкіл Дмитрий Лубинец араласқан. Украина елшілігі де Қазақстан билігінен оны Ресейге бермеуді сұраған.
Немересін алып кетуге келген
Любовь Рожанская Қазақстанға немересін алып кету үшін келген. Бала Ресейден жеткізіліп, украиналық туыстарына табысталуға тиіс болған. Алайда Ыстанбұлдан Астанаға ұшып келген әйел әуежайда ұсталды.
2018 жылы туған бала ата-анасымен бірге Одессада тұрған. Кейін олар ажырасып, баланың анасы Ресей азаматына тұрмысқа шыққан. 2021 жылы ол ұлымен бірге Калининград облысына барып, сонда қалып қойған. Соғыс басталғаннан кейін анасы өзі және баласы үшін Ресей азаматтығын алған.
Баланың әкесі ұлын Украинаға қайтару үшін сотқа жүгінген. 2025 жылғы наурызда Украинаның Жоғарғы соты баланың әкесімен бірге Одессада тұруы керек деген шешімді күшінде қалдырған.