Непал мен Қытайдың Тибет автономиялық ауданындағы табиғи апаттан кейін хабарсыз кеткен екі қазақстандықтың орналасқан жері әзірге анықталған жоқ, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Непалдағы іздеу-құтқару операциясы 5 қазанда ресми аяқталған. Қазір зардап шеккен аумақтарда қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Ал Қытайдың ең көп зардап шеккен Гьиронг уезінде іздеу жұмыстары жалғасуда.
Бұған дейін апаттан кейін Қазақстаннан барған үш туристің хабарсыз кеткені хабарланған еді. Оның екеуі Непалда, біреуі Тибетте болуы мүмкін деген ақпарат болған. Кейін Непалда жүрген деп болжанған азаматпен байланыс орнап, оның апат аймағына бармағаны анықталды. Ол қазір Қазақстанда.
Қалған екі қазақстандықтың туыстары қажетті рәсімдерден өтіп, олардың ДНҚ үлгілерін анықтау үшін биологиялық материал тапсырды. Қытай мен Непалдың құзыретті органдары мәйіттерді анықтау және генетикалық сараптама жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қазақстандық дипломаттар хабарсыз кеткен азаматтардың отбасыларымен байланыста болып, қажетті қолдау көрсетуде.