Ресей Қорғаныс министрлігі Жеңіс күніне орай уақытша бітім жарияланғанын мәлімдеді. Ал Украина тарапы бұған жауап ретінде өз ұстанымын білдіріп, «тыныштық режимін» енгізетінін хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz
Ресей: 8–9 мамырда бітім жарияланады
Ресейдің Қорғаныс министрлігі Жоғарғы бас қолбасшы, президент Владимир Путин шешімімен 8–9 мамыр күндері Жеңіс күнін атап өтуге байланысты бітім жарияланатынын мәлімдеді.
Ресми хабарламада Ресей тарапы Украина да осы қадамды қолдайды деп үміттенетіні айтылған.
«Украина тарапы да осы бастаманы қолдайды деп есептейміз. Сонымен қатар Киев режимі басшысының Ереванда өткен Еуропалық саяси қоғам саммитінде жасаған мәлімдемесіне назар аудардық. Онда дәл 9 мамыр күні Мәскеуге соққы жасау туралы қауіп айтылған. Ресей Қарулы күштері мерекелік іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды», – делінген министрлік мәлімдемесінде.
Сондай-ақ Ресей тарапы Украина Жеңістің 81 жылдығын атап өтуге кедергі келтіруге әрекеттенген жағдайда, Киевтің орталығына жаппай зымыран соққысы жасалуы мүмкін екенін ескерткен.
Украина: 6 мамырдан бастап «тыныштық режимі»
Бірнеше сағаттан кейін Украина президенті Владимир Зеленский өз жауабын жариялап, атысты тоқтату режимін енгізетінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, Ресей тарапынан Украинаға соғыс қимылдарын тоқтату шарттарына қатысты ресми ұсыныс түспеген.
«Бүгінге дейін Украинаға әскери әрекеттерді тоқтату шарттары жөнінде ресми түрде ешқандай ұсыныс жасалған жоқ. Ресейдің әлеуметтік желілерінде тараған мәлімдемелерге сүйену мүмкін емес. Біз үшін адам өмірі кез келген мерекеден әлдеқайда маңызды. Осыған байланысты 6 мамырға қараған түнгі сағат 00:00-ден бастап тыныштық режимін жариялаймыз», – деді Зеленский.
Украина басшысы елдің аталған уақыттан бастап «айна қағидаты» бойынша әрекет ететінін, яғни қарсы тараптың қадамдарына сәйкес жауап беретінін атап өтті.