Ректорлар бір университетті неше жыл басқара алады? Министр жауап берді

Ректорлар бір университетті неше жыл басқара алады? Министр жауап берді
Коллаж: Ertenmedia.kz

Ғылым және жоғары білім министрлігі мемлекеттік университет ректорларының қызмет ету мерзімін алты жылмен шектемек. Бұл туралы министр Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Pikirmedia.kz журналисі мектеп директорларына ротация тәртібі қолданылатынын атап өтіп, неліктен жоғары оқу орындарының ректорларына осындай мерзімдік шектеу қойылмайтынын сұрады. Ол мысал ретінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін 2011 жылдан бері басқарып келе жатқан Ерлан Сыдықовты атады.

Саясат Нұрбектің айтуынша, ректорлармен стандартты түрде үш жылға келісімшарт жасалады. Министрлік оны тағы бір мерзімге ұзартуға құқылы. Одан кейін басшылық қызметке конкурс жарияланады.

“Негізінде, стандартты келісімшарттың мерзімі – үш жыл. Министрлік оны екінші мерзімге ұзартуға құқылы. Одан кейін конкурс өткізіледі”, - деді министр.

Алайда қолданыстағы заңнама бойынша қызметтегі ректордың конкурсқа қайта қатысуына шектеу қою мүмкін емес. Сондықтан кейбір университет басшылары конкурстан қайта өтіп, қызметін бірнеше мәрте жалғастырып келеді.

“Қазіргі ректорлардың конкурсқа қатысуын шектеуге біздің мүмкіндігіміз жоқ. Заң бойынша кез келген азамат конкурсқа қатыса алады. Өкінішке қарай, кей жағдайларда ректорлардың қызмет мерзімі конкурс арқылы ұзара береді”, - деп түсіндірді Саясат Нұрбек.

Министрлік енді ректорлардың бір университетті басқару уақытын екі мерзіммен шектеу туралы шешім қабылдап жатыр. Ведомство басшысы алты жыл жоғары оқу орнын дамытуға және жүйелі жұмыс жүргізуге жеткілікті мерзім деп есептейтінін айтты.

“Біз қазір екі мерзіммен шектеу туралы шешім қабылдап жатырмыз. Алты жыл ішінде университетті аяққа тұрғызуға мүмкіндік болады. Ерлан Сыдықовтың келісімшарты келесі жылдың басында аяқталады, содан кейін ауыстырамыз”, - деді министр.

Саясат Нұрбек ұзақ уақыт қызмет атқарған ректорларға да тоқталды. Оның айтуынша, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетін шамамен сегіз жыл басқарған Мұхтар Төлеген жуырда қызметінен ауыстырылған.

Жалпы, Қазақстанда ректорлардың жоғары оқу орнын басқару мерзімі орта есеппен төрт-бес жылды құрайды. Қазір бірқатар басшының екінші қызмет мерзімі аяқталып келеді.

“Екінші мерзімдері аяқталғаннан кейін қабылданған ұстанымға сәйкес ректорларды ауыстырамыз немесе жаңа конкурс жариялаймыз”, - деді ведомство басшысы.

Журналист министрден Ерлан Сыдықовты қызметінен ауыстыруға заңнамалық мүмкіндік жетпей отыр ма деп нақтылады. Саясат Нұрбек бұл пікірмен келіспей, мәселе министрліктің өкілетіне емес, заңда конкурсқа қайта қатысуға тыйым салатын норманың болмауына байланысты екенін жеткізді.

“Жоқ, мәселе онда емес. Қазіргі заңнамада конкурсқа қатысуды шектейтін норма жоқ. Оның жағымсыз салдары бар. Бір қызметте ұзақ жыл отырған ректорларымыз бар екенін мойындауымыз керек”, - деді министр.