Референдум туралы қоғам пікірі: азаматтар не дейді?

Самал Асқар 04 нау. 2026 10:00

Алдағы 15 наурыз 2026 жылы өтетін республикалық референдум қарсаңында қоғам өкілдері өз пікірлерін білдіруде. Депутаттар, зиялы қауым өкілдері, медицина саласының қызметкерлері мен ғалымдар жаңа Конституция жобасына қатысты ойларын ортаға салды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алғашқы болып сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болатбек Нажметдинұлы жаңа Ата заң жобасының басты ерекшеліктеріне тоқталды. Оның айтуынша, құжаттың қарапайым әрі түсінікті тілде жазылуы – маңызды жаңалықтардың бірі.

«Бұған дейінгі Конституция өз кезеңінде ел дамуына қызмет етті. Алайда уақыт өзгерген сайын заң да жетілдіріліп отыруы тиіс. Ұсынылып отырған жаңа жоба жалпыға түсінікті тілде жазылған. Сонымен қатар, қазіргі заман талабына сай қалыптасқан жаңа ұғымдар мен құндылықтар да нақты көрініс тапқан», – деді депутат.

Өз кезегінде депутат Нұрсұлтан Бәйтілес адам құқықтарын қорғауға бағытталған нормалардың күшейтілгенін атап өтті.

«Жаңа жобада «Миранда ережесінің» енгізілуі – маңызды қадам. Бұл норма бойынша жауапты органдар күдіктіні ұстаған кезде оның құқықтарын толық түсіндіруге міндетті. Егер бұл талап сақталмаса, жүргізілген тергеу әрекеттері заңсыз деп танылуы мүмкін. Мұндай тетік азаматтарды негізсіз қысымнан қорғап, әділдік қағидатын нығайтады», – деді ол.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері Роза Мұқанова тілге қатысты баптар қоғамда ерекше жауапкершілікпен қаралуы керектігін айтты.

«Енді тілге байланысты, 9 бап бар, тілге байланысты да қоғамда өте жауапкершілікпен, кеңдікпен, ақылмен, керек десеңіз айламен шешілу керек бұл нәрсе. Ата заңда тайға таңба басқандай Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қазақ тілі деп анық айтылады. Осы анықтық біздің ары қарай дәуірлеуімізге, ары қарай жаңғыруымызға үлкен мүмкіндіктер берді. Бұл алдыңғы ата заңда да осылай болған. Соның арқасында біз қазақ тілінде газет-журналдарымызды, қазақ тіліндегі мемлекеттік телеарналардың көбеюін қамтамасыз еттік. Содан кейін тарих қойнауындағы тыйым салынған дүниелердің ашылуы. Осының барлығы қазақ тілінің мүддесі. Қазақ ұлтының мүддесі. Менің негізгі бір айта кететін ойым, мынау тіл мәселесінде бізге ешқашанда жеңілтектікке жол бермеу керек және оны саяси құрал ретінде пайдалану бірқатар қатерлерге алып келуі мүмкін. Бізге бабалардан қалған сөз бар. Осы ұлы дала қалай сақталды? Қайтіп сақталды? Батырлықпен де, даналықпен де, айлалықпен де, ақылмен сақталды. Біз мемлекет басшысының “Тәуелсіздіктен қымбат ештеңе жоқ!” деген сөзін түпкі мақсатымыз деп білеміз. Сондықтан тіл, тәуелсіздік – бұл тұрақтылық, тіл де бізден тұрақтылықты талап етеді!», - деді ол.

Шымкент қалалық №1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Бақытжан Позилов та референдумға қатысты азаматтық ұстанымын білдірді.

«Мен дәрігер ретінде алдағы 15 наурыз 2026 жылы өтетін Республикалық референдум туралы өз ойымды бөліскім келеді. Конституция – ол еліміздің негізгі заңы. Ол әр азаматтың құқығы мен міндетін, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты айқындайды. Денсаулық сақтау саласы халықтың өмір сапасының негізі. Конституцияда азаматтардың медициналық көмекке құқығы, әлеуметтік қорғау мәселелері айқын көрсетіледі. Бұл біз дәрігерлер үшін ғана емес, әр отбасы үшін маңызды. Әр азамат өз болашағына бейжай қарамауы керек. Референдум – бұл өз ұстанымыңызды заңды түрде білдіруге мүмкіндік. Әр адам Конституция жобасымен танысып, саналы түрде таңдау жасау керек деп есептеймін.»

Ғалым Асқар Жұмаділдаев қоғамдағы тіл тақырыбы төңірегіндегі пікірталастарға қатысты ойын білдірді.

«Біздің зиялы қауым бостан-босқа болмайтын әңгімені айтып, проблеманы көтеріп, шулап жүр. Оның керегі жоқ. Сіз шынымен де тіл жанашыры болсаңыз… Өтірік жанашыр емес, шын жанашыр болсаңыз, жасанды интеллектке кіріңіз, сұрақ беріңіз. Сол жауабын тексеріңіз. Қатесі болса, түзеңіз. Сонда машина үйренеді. Үйде жатып алып, жұрттың бәрін “Ой, анау дүкенде біреу орысша айтып қойыпты. Бәленбай-түгенбай депті” дегендер – қыртымбай әңгіме. Дүниеде 100 мың дүкен бар. 100 мың кафе бар. Онда миллион адам жұмыс істейді. Сол миллионның ішінен бір “ақымақ” (видеода ориг. «дурак») шықпай ма? Бір “ақымақпен” кездесіп қалып, “ақымақ” болып жүресің бе? Ондай әңгімені қою керек.»

Референдум қарсаңында қоғамда әртүрлі көзқарастар айтылып жатыр. Бірі заңның түсініктілігі мен заманауи талаптарға сай болуын маңызды десе, енді бірі адам құқықтарының қорғалуы мен құқықтық кепілдіктердің күшеюін қолдайды. Зиялы қауым тіл мәселесінде салмақтылық пен тұрақтылықты алға тартады. Медицина саласының өкілдері Конституциядағы әлеуметтік кепілдіктердің маңызын атап өтеді.

Ортақ ой – әр азамат Конституция жобасымен танысып, саналы әрі жауапты шешім қабылдауы тиіс. Референдум – ел болашағына тікелей ықпал ететін маңызды қадам.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove