Райымбек ауданында 3 мың гектар жерге картоптың сапалы тұқымы егілді

Dalanews 15 мам. 2020 02:38 844

Райымбек ауданында облыс әкімі Амандық Баталовтың тікелей қолдауымен Голландиядан әкелінген картоптың «Санта», «Агрия» атты тұқымдары өсірілуде. Бұған дейін Райымбек пен Кеген аудандары өздерінің картоптарымен аты шыққан белгілі. Бүгінде аудандағы байырғы дәстүрлі шаруашылықты жандандыруға қайта көңіл бөлініп, көптеген жұмыстар атқарылуда.

Өткен жылы аталған тұқым өсірілген картоп алқабының әр гектарынан 200-300 центнерден сапалы өнім алынды. Осылайша жер емген шаруалар каратоп өсіруге баса көңіл бөле бастады.

Райымбек ауданы әкімі Нұржан Құдайбергенов бастаған аудандағы фермерлері, кооператив басшылары, қожалық төрағалары берері мол картоп тұқымы өсірілген алқаптың көлемін артырып келеді. Биыл аудан бойынша 6050 гектар жерге картоп егілсе, соның ішінде 3000 гектары супер-элиталық «Санта», «Агрия» тұқымдары отырғызылған.

Ауданда 3 сервистік-дайындау орталықтары, картоп өсіру бағытындағы бірнеше өндірістік кооперативтер жұмыс істейді. Алматы облыс әкімінің қолдауымен сервистік орталықтар 21 жаңа тракторға, 72 агрегатқа ие болды.


Картоп өсіруде жері сулы, нулы Қақпақ ауылдық округінің үлесі жоғары. Ауыл әкімі Жұмаш Әлімғожаев бастаған өңір еңбеккерлері биыл 750 гектар жерге картоп отырғызғанын айтты. Округтегі Ғани Сыдықақынов, Нұрлан Құдиярбеков, Нұрбол Анарқұлов басқаратын шаруа қожалықтары, Бақыт Қуан басқаратын «Үш Қақпақ» өндірістік кооперативі картоптың көлемін арттырып, сортты тұқыммен жұмыс жасауда. Осылайша Райымбек ауданының шаруалары картоптың сапалы тұұымын өсіріп, мол өнім алуға белді бекем буып отыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар