Қызылордада кәмелетке толмаған баланың өліміне байланысты екі қылмыстық іс тіркелді. Оның бірі – абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, екіншісі – баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау дерегі бойынша қозғалған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу басталған.
«Кәмелетке толмаған баланың өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар тергеу аясында кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау дерегі бойынша да қылмыстық іс тіркелді», – деп хабарлады полиция департаменті.
Ведомствоның мәліметінше, күдікті облыстық кәмелетке толмағандарды уақытша бейімдеу орталығына орналастырылған.
Қазіргі уақытта қылмыстық істің тергелу барысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Полиция тергеу мүддесіне байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді.