Журналистер зерттеген құжат "Ресей Федерациясының белорус бағытындағы стратегиялық мақсаттары" деп аталады. 17 беттік құжат 2021 жылғы жазда дайындалған. Оны РФ президент әкімшілігі, РФ сыртқы барлау қызметі, Федералдық қауіпсіздік қызметі, Мемлекеттік барлау басқармасы және Ресей бас штабы әзірлеген.
Құжатта Ресей билігінің Беларустағы саяси, қорғаныс, сауда және әлеуметтік мақсаттары үш түрлі санатқа бөлінген - қысқа мерзімі (2022 жылға дейін), орташа мерзімі (2025 жылға дейін) және ұзақ мерзімі (2030 жыл).
Атап айтқанда, Кремль түптеп келгенде орыс тілінің белорус тіліне үстемдік құрғанын, белорус заңнамаларын Ресей заңдарына бағынышты етуді, сонымен бірге елдің қоғамдық-саяси өмірін, саудасын, ғылым мен мәдениетін бағындыруды көздейді.
Бұған қоса Ресей 2030 жылға дейін Беларустің әскери-саяси секторына бақылау орнатуды жоспарлаған. Ресей барлау қызметінің міндеті - "ұлтшыл және батысшыл" күштердің ықпалын шектеу, Беларусь Конституциясын Ресей мүддесін ескере отырып реформалауды аяқтау.
Сонымен бірге Ресей президенті әкімшілігі онжылдық аяғына дейін Беларусь ақпарат кеңістігіне толық бақылау орнатқысы келеді.
2030 жылға қарай Ресей Беларуста бірыңғай мемлекеттік емтихан тапсыру мекемесін, бұған қоса Могилев, Гродно және Витебскіде жаңа ғылым мен мәдениет орталықтарын ашуды жоспарлаған. Журналистердің пікірінше, мұндай мекемелерде көбіне ресейлік барлаушылар мен ықпал ету агенттері жасырынады.
Батыстың арнайы қызметтерінің осы құжатпен танысқан өкілдері де журналистер болжамын қуаттап отыр.