Sax Invest қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ақтауда Sax Invest қаржы пирамидасын құрған және оған басшылық еткен ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты.
Қылмыстық топ ұйымдастырушылары инвестициялық қор ретінде жасырынып, азаматтарға бағалы қағаздарға, қаржы құралдарына және басқа да активтерге инвестиция салуды ұсынған. Сонымен қатар, Африка елдеріндегі алмаз өндіру жөніндегі халықаралық жобаға қатысып жатқанын мәлімдеген. 2018-2022 жылдар аралығында қылмыстық схемаға Астана, Ақтөбе, Орал және Ақтау қалаларынан мыңнан аса салымшы тартылған.
Тартылған қаражаттың жалпы сомасы 9 млрд теңгеден асты. Тергеу барысында салынған қаражаттың едәуір бөлігі компанияның есепшоттарына емес, ұйымдастырушылардың жеке шоттарына аударылғаны анықталды. Кейін бұл қаражат жеке мақсаттарға, соның ішінде құмар ойындарға, пәтерлер сатып алуға, жеке тұрғын үй салуға және өзге де қажеттілікке жұмсалған.
Сот ұйымдасқан қылмыстық топтың сегіз мүшесін кінәлі деп танып, оларды 6 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Мемлекет кірісіне жеке тұрғын үй мен цифрлық активтер тәркіленді. Сонымен қатар, азаматтық талаптарды орындау мәселесі шешілгенге дейін сотталғандардың мүлкіне салынған тыйым сақталады. Оның ішінде екі көлік, екі пәтер және жер учаскесі бар.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.