Желіде Ұлттық Олимпиада комитетіне басшылық қызметке Геннадий Головкин келеді деген ақпарат тарады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы саясаттанушы, сарапшы Ербол Еділов телеграм арнасында айтты.
"Кейбір деректерге сүйенсек, Геннадий Головкин Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитетін басқарады деп күтіліп отыр", - дейді Еділов.
Осылайша Головкин Құлыбаевтың орнын басуы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін желіде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев Ұлттық Олимпиада комитеті төрағасы қызметінен кетеді деген ақпарат тараған болатын. Бұл туралы "Чемодан госсекретов" телеграм арнасында жазылған.
Телеграм арна мәліметінше, бұл Токио мен Азиада Олимпиадасындағы сәтсіздіктерге байланысты.
"Құлыбаев спорттан қол үзді, сондай-ақ, ұйымның қызметін қаржыландырғысы келмеді деп айыпталып отыр. Ол толықтай республикалық бюджетке сүйеніп алды", - делінген жазбада.
Сонымен қатар, жазбада Кеңес Рақышев те бокс федерациясының басшысы қызметінен кететіні айтылған болатын. Ал бүгін болжам дәл келіп, Рақышев қызметінен кетіп, орнына Шахмұрат Мүтәліп тағайындалды.