Жетісу облысында құлаған гидроұшақтың бөлшектері мемлекеттік саудаға қойылды. Лоттың бастапқы бағасы – 3,1 млн теңге. Сауда 12 қарашада өтеді. Бұл туралы «За нами выехали» Telegram-арнасы хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жарияланған суреттерден ұшақтың апатқа ұшырағаны байқалады. Қайық тәрізді корпусының тұмсығы майысып, қозғалтқышы бөлек жатыр. Корпуста «870» деген нөмір көрінеді. Telegram-арнасының болжамынша, сатылымға қойылған бөлшектер 2024 жылғы 25 шілдеде Алакөл маңындағы Ақши ауылында құлаған гидроұшаққа тиесілі болуы мүмкін. Сол кезде апаттан ауыр жарақат алған екі туристі құтқарушылар алып шыққан.
Кейін ұшақ иесінің туристерді ақылы түрде қыдыртқаны анықталған. Сондай-ақ әуе аппараты мемлекеттік тіркеуге қойылмағаны, ал оны басқарған адамның ұшқыш куәлігі болмағаны белгілі болды. Оқиғаға байланысты тараптар өзара келісімге келіп, қылмыстық іс тоқтатылған. Ұшақ иесіне 55 380 теңге айыппұл салынған. Ал SKYPPER 912 әуе аппараты мемлекет меншігіне берілген.
Бұған дейін ұшақты сатуға арналған сауда қазан айында екі рет өткізілмеген. Себебі сатып алушылар табылмаған. Енді оның бөлшектері 3,1 млн теңге бастапқы бағамен қайта сатылымға шығарылып отыр.