Қазақстанның дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрамасы Түркияда өткен FETIH KUPASI халықаралық турнирінде топ жарды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Байрақты бәсеке Түркияның Стамбул қаласында өтті. Жарыстың екінші нысанасы – Түрік путасы, яғни 50 метр қашықтық бойынша сайыс аяқталып, қазақстандық спортшылар жүлделі орындардан көрінді.
Ерлер арасында Түрік путасы нысанасы бойынша Жәнібек Саламатұлы алтын медаль жеңіп алды. Ал Марат Лұқпанов қола жүлдегер атанды.
Әйелдер арасында Сабира Жаппар үздік үштікке еніп, қола медаль иеленді.
Айта кетейік, FETIH KUPASI турниріне 40 елден 500-ден астам садақшы қатысқан. Жалпы командалық есеп қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрамасы жеңімпаз атанды.
Бұл қуанышты жаңалықты Мәжіліс депутаты, Республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті Нартай Аралбайұлы әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
"Қазақ елі, Республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті ретінде, дәстүрлі садақ атудың жанкүйері ретінде баршаңызды құттықтаймын! Садақшыларымызға, жаттықтырушыларымызға, біздің федерацияның бастамаларын қолдаған ҚР Туризм және спорт министрлігіне алғыс айтамын. Сұрмергендерімізге жанкүйер болыңыздар!" – деп жазды ол.
Осылайша қазақстандық спортшылар халықаралық аренада ұлттық спорттың мәртебесін тағы бір мәрте көтерді.