Жастар жылында көптеген ірі компаниялар болашағынан үміт күттіретін кадрларға құмбыл көңіл бөле бастады. HR стратегия тұрғысынан бүгінгі дәуірдің талабы бөлек, ескірген әдіс-амалдар өзектілігін жоғалтқан. Заманауи кадр саясатын жүргізуде – «ҚТЖ» ҰҚ АҚ төрағасының орынбасары Серік Сақбалдыұлы Әбденовтің теміржолдағы жастарды қолдау бағытындағы іс-әрекеті нәтижесін беруде.
Еліміздегі ең ірі жұмыс берушінің бірі саналатын «Қазақстан темір жолы» компаниясы – жаңа дәуірдің талаптарын жатырқамай қабылдады. Жастар жылы ҚТЖ-ға өзінің «жастарға арналған» жобаларын жинақтап, жас кадрларды тұрақты қолдауға мүмкіндік берді.
Компаниядағы кадр әлеуетіне жауап беретін және бұл бағыттағы көптеген жобаларға қолдау танытқан «ҚТЖ» ҰҚ АҚ төрағасының орынбасары Серік Әбденовтің айтуынша, «ҚТЖ жас кадрдың кәсіби, шығармашылық тапқырлық, инновациялық әлеуетін дамытуға барынша күш салады».
Ендеше бұл бағытта нақты қандай жұмыс атқарылды?
1. Компания Жастар саясат бағдарламасын жүзеге асыруда. Иә, бүгінгі жастар үшін мұның бәрі бюрократия секілді көрінуі мүмкін. Алайда ірі компаниядағы стратегиялық құжат бұл – жастарды қолдауға нақты қаражат бөлініп, оларға арналған іс-шаралар өткізіліп, жас кадрларды қолдауға бағытталған жаңа механизмдер енгізілерінің нақты кепілі.
2. Темір жол саласын үздік аяқтаған түлектерге жыл сайын «Магистраль» бағдарламасы бойынша ондаған білім гранттары беріледі, сонымен қатар ҚТЖ-ның атынан атаулы стипендия тағайындалады.
Компания қамқорлығындағы барлық студенттерді оқуға түскен кезінен бастап оны аяқтағанға дейінгі аралықта қолдап, қолпаштап отырады.
Соның нәтижесінде Қазақ транспорт және коммуникация академиясын бітірген 300-ге тарта түлек Ұлттық компанияға жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды.
Серік Әбденов бұл туралы арнайы баспасөз-жиынында айтқан болатын.
3. ҚТЖ іс-тәжірибеден өткізу үшін өз қатарына еліміздегі орта және жоғары білім беретін оқу орындарының жастарын белсенді тартуда. Серік Әбденовтің атап өткеніндей іс-тәжірибеде өзін жақсы жағынан көрсеткен кадрларға ақы төленеді.
4. Компанияға енді орналасқан жас мамандарға қажетті әлеуметтік көмек көрсетіледі. Атап айтар болсақ, айлығына қосымша үстемақы, әртүрлі әлеуметтік бағдарламаларға қатысу мүмкіндігі, отбасылық төлемдер және кейбір кездері пәтер мәселесін шешуге көмек қолын созады.
5. Жас кадрларды қолдауға арналған көптеген іс-шаралар, оның ішінде – форумдар, арнайы акциялар үзбей ұйымдастырылады.
Айталық, «Сен болмасаң, кім?» атты ұжымдық жастар лагеріне Серік Әбденовтен бөлек компанияның өзге де басшылары белсенді атсалысты.
6. Аз уақыттың ішінде үлкен сұранысқа ие болған «ҚТЖ –ның 100 жаңа есімі» жобасының орны бір бөлек. ҚТЖ төрағасының орынбасары Серік Әбденовтің атап өткеніндей осынау бастаманың көмегімен биылғы жылы компанияның ең үздік әрі талантты кадрлары іріктелініп алынады. Олар МВА бағдарламасы бойынша оқуға мүмкіндік алып, шет елдерде іс-тәжірибеден өтеді. Бұдан бөлек ІТ және жаңа технология саласындағы әлемдік әйгілі ивенттарға қатысады.
7. Еліміздегі негізгі интеллектуалдық орталықтар, оның ішінде Назарбаев университетімен әріптестік байланыстар жолға қойылуда. Бұл өз кезегінде ҚТЖ қатарындағы жас кадрлардың креативтілігі мен біліктілігін арттыруға және жұмыс барысына жаңа идеяларды кіріктіруге жол ашары сөзсіз.
Бүгінгі таңда ҚТЖ қатарындағы 126 мың адамның 36 пайызы жастар. Сол себепті компанияның жаңа топ-менеджментінің бастамасымен қолға алынған жас кадрларды қолдау стратегиясы өзін-өзін ақтайтын жоба, оның нәтижесін жақын уақытта көретін боламыз.