ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева дүние салды

Кәмшат Тілеухан 15 нау. 2025 16:26 168

ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева дүниеден озды. Марқұм тірі болғанда алдағы 29 наурызда 60 жасқа толар еді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қайғылы хабармен министрлік әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті:

"Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ұжымы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаеваның мезгілсіз қайтыс болуына байланысты оның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады".

Наталья Васильевна 1965 жылғы 29 наурызда Қарағанды облысы Теміртау қаласында дүниеге келген. Оның педагогикалық жолы 1987 жылы Қызылорда және Алматы қалаларының мектептерінде бастауыш сынып мұғалімі қызметінен басталды. Өзінің таланты мен кәсібіне адалдығының арқасында директордың орынбасары және директор лауазымдарында қызмет атқарды. 2013-2016 жылдары әдіскер, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары және Жасөспірімдер мен оқушылар үйінің директоры болып жұмыс істеді.

2016 жылы Наталья Васильевна Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты болып сайланып, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің жұмысына белсенді қатысты. Депутаттық өкілеттігі аяқталғаннан кейін 2021 жылы білім беру саласындағы қызметін жалғастырып, "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ Басқарма төрағасының кеңесшісі, Педагогикалық шеберлік орталығының білім беру бағдарламалары және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директордың орынбасары, кейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры қызметтерін атқарды.

2023 жылдың қыркүйегінде Наталья Жұмаділдаева Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі болып тағайындалды, ол өз ғұмырында елдің білім беру жүйесін дамытуға елеулі үлес қосты.

"Көп жылғы жемісті еңбегі үшін Наталья Васильевна "Құрмет" орденімен, "Ы.Алтынсарин" төсбелгісімен марапатталған. Оның кәсібилігі, өз ісіне адалдығы және өскелең ұрпақтың болашағына деген шынайы қамқорлығы әріптестері мен шәкірттерінің жүрегінде өшпес із қалдырды. Біз Наталья Васильевнаны әрдайым өз ісіне адал, мейірімді, жарқын жан ретінде жадымызда сақтаймыз. Оның жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі қалады", делінген Оқу-ағарту министрлігі ұжымының көңіл айту хабарламасында.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар