Сенат депутаттары 2025 жылғы 27 ақпанда өткен жалпы отырыста Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы бірыңғай энергетикалық жүйелердің параллель жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімдерді ратификациялады. Жаңа келісімге сәйкес, Мәскеу енді Қазақстанның тапшылығын коммерциялық негізде жабатын болады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сенатор Шәкәрім Бұқтұғытовтың айтуынша, Қазақстанның энергетикалық жүйесі Ресей Федерациясы мен Орталық Азия елдерінің энергетикалық жүйесімен паралелль режимде жұмыс істейді. Энергетика министрлігі ұсынған деректерге сәйкес, бірыңғай энергетикалық жүйеде соңғы жылдары Қазақстанның реттеуші қуаттар бойынша тапшылығы байқалады. Сонымен қатар, отандық электр станциялардағы авариялық және жоспардан тыс жөндеу жұмыстары Қазақстан мен Ресейдің энергожүйелері арасындағы электр қуаты ағындарының рұқсат етілген мәндерінің жүйелі түрде асып отыруына әкеліп соққан.
"Біздің еліміздің энергетикасы ұзақ уақыт бойы артышылықта болып келді. 2021 жылға дейін электр энергиясы мен қуаттың профициті байқалды. Алайда, соңғы жылдары бірқатар объективті себептерге байланысты республикамыздың энергетикалық саласы дәйекті түрде тапшы салаға айналуда. Осының дәлелі - өткен жыл, оның қорытындысы бойынша біз Ресейден 3,1 млрд кВтсағ астам электр энергиясын импорттауға мәжбүр болдық", - деді сенатор.
Тапшылықтың негізгі себептері - энергия жүйесіндегі негізгі және қосалқы жабдықтардың тозуының жоғары деңгейі, электр және жылу энергиясы тұтынысының жыл сайынғы өсімі, тиімсіз тарифтік саясат және энергия жүйелерін жаңғыртуда қаражаттың жетіспеушілігі.
Шәкәрім Бұқтұғытов ЖЭО-ның жалпы санының 46% немесе қолданыстағы барлық жылу орталығының 17-сінде жабдықтардың ескіруі 70%-дан асатынын еске салады. Бірқатар өңірлерде ЖЭО-лардың азып-тозу деңгейі 80%-дан асады. Барлық ЖЭО бойынша тозудың орташа деңгейі 61%-ды, ал орташа қолданыс кезеңі 62 жылды құрайды. Мұның бәрі төтенше жағдайлардың қайталану қаупін тудырады.
Келісімнің мақсаты - Ресей Федерациясынан Қазақстан бірыңғай электр жүйесіне беруді жоспарлап отырған жыл сайынғы электр энергиясының көлемін келісу, сондай-ақ электр энергиясын коммерциялық негізде сатып алу және сату құнын айқындау болып табылады.
Бұған дейін Мәжіліс Ресеймен бірыңғай энергетикалық жүйелердің жұмысын қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялады. Соңғы жылдары Ресей Федерациясынан электр энергиясының ағыны келісіліп, өзара рұқсат етілген +/- 150 МВт көлемінен едәуір асып кетіп отыр. Кейбір сағаттарда қуаттылықтың ауытқуы 1500 МВт-қа дейін жетеді.
Бұған дейін сайтымызда "Энергетикалық апат: Қарағанды облысының бір ауданында төтенше жағдай жарияланды" деген материал жарияланған болатын. Мақалада Шет ауданындағы бірнеше елдімекеннің жарықсыз отырғаны туралы жазылған.