Биыл қазақстандықтардың табысы 2,3%-ға төмендеген

Биыл қазақстандықтардың табысы 2,3%-ға төмендеген
Фото: gov.kz

Қазақстанда халықтың нақты жалақысы төмендеп кетті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың І тоқсанында қазақстандықтардың нақты жалақысы 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,3%-ға азайған.

Сонымен қатар елдегі орташа айлық атаулы жалақы 461 486 теңгені құраған. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 9,1%-ға жоғары. Алайда инфляцияны есептегендегі нақты өсім 97,7% болып, халықтың сатып алу қабілеті төмендегенін көрсетіп отыр.

Ал медианалық жалақы, яғни жалақы қатарының ортасындағы көрсеткіш 331 527 теңге болған.

Статистикаға сәйкес, жалақының ең жоғары өсімі ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында тіркелген – 20,3%. Сондай-ақ қаржы және сақтандыру саласында жалақы 18,1%-ға, су жеткізу, кәріз жүйесі мен қалдықтарды өңдеу саласында 16,5%-ға өскен.

Электр энергиясы, газ, бу және ауа баптау жүйелерімен қамтамасыз ету саласында жалақы 14,7%-ға, көлік және қоймалау саласында 12,9%-ға, ал өнеркәсіпте 11,6%-ға артқан.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында орташа жалақы 7%-ға, білім беру саласында 4,2%-ға өскені айтылды.

Өңірлер арасында ең жоғары өсім Абай облысында байқалған – 14,2%. Одан кейін Павлодар облысы – 12,4%, Жетісу облысы – 12,2%, Алматы облысы – 10,9% және Алматы қаласы – 10,7%.