Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Қазақстандағы автомектептер жүйесіндегі «заңдастырылған жемқорлық» туралы мәселе көтеріп, Ішкі істер министрлігінен түсініктеме талап етті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Депутаттың айтуынша, жүргізуші куәлігін алғысы келетін азаматтар автомектепке тіркелген кезде негізгі оқу ақысынан бөлек, еш жерде ресми көрсетілмеген қосымша төлем жасауға мәжбүр.
«Заңдастырылған жемқорлықты тоқтату керек деп өткенде комитетте айтқанмын. Содан бері біраз уақыт өтті. Дегенмен бізге түсіп жатқан шағымдар көбеймесе азайған жоқ», - деді Толықбай Мәжіліс отырысында.
Оның сөзінше, әр азамат жүргізуші куәлігін алу үшін екі жарым ай автомектепте оқуы тиіс. Бірақ оқу орнына кіреберісте бөлек QR-код тұрады және азаматтар соған 8,5 мың теңге төлеуге міндеттеледі.
«Бірақ автомектепке кіреберісте жеке qr-код тұрады. Соған 8,5 мың теңге төлеуге міндеттісің. Оның автомектепке де қатысы жоқ», - деді депутат.
Толықбайдың мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын шамамен 670 мың адам жүргізуші куәлігіне тапсырады. Егер әрқайсысы 8,5 мың теңгеден төлесе, жылдық күмәнді ақша айналымы 5,6 млрд теңгеге жетеді.
«Бұл ақша үкіметке, ІІМ жүйесіне де түспейді. Ашық есепте жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, қаражат шетелде тұратын А. есімді жекелеген тұлғаның қалтасына түсіп жатыр», - деп мәлімдеді мәжілісмен.
Депутат мұндай жүйені бір адамның өз бетінше ұйымдастыруы мүмкін емес екенін айтып, артында ықпалды тұлғалар тұруы ықтимал екенін меңзеді.
«Оны жоғарыдан қорғап отырған біреу бар. Сұрақ: заңсыз қаржы айналымын қашан тоқтатасыздар?» - деп сұрады Толықбай.
Сауалға Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов жауап берді. Оның айтуынша, қазір бұл мәселеге байланысты қызметтік тексеріс басталған.
«Қазір әкімшілік, полиция тарапынан қызметтік тексеріс басталды. Біздің уәкілетті органда ешқандай одақтар керек емес. Сыбайласқан жемқорлыққа жол бермеу керек. Осы пікірмен біз толық келісеміз. Тиісті шара қабылдаймыз», - деді вице-министр.
Алайда Мәжіліс кулуарында жыл сайын миллиардтаған теңге жинайтын «А.» есімді азаматтың кім екені және оның ықтимал байланыстары туралы нақты ақпарат айтылған жоқ.