Қостанайдағы ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жантүршігерлік жағдай орын алды. Тәрбиеші 16 жастағы жасөспірім қызды үтікпен күйдірген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аталған орталықта тәрбиеленіп жатқан балалардың дені психиатриялық диагнозы бар, яғни мінез-құлқы күрделі, ерекше күтімді қажет ететін жандар. Мұндай балалармен жұмыс істеу оңай болмаса да, бұл ешқашан қатыгездік пен азаптауға жол беретін себеп бола алмайды.
Біздің дереккөздеріміздің айтуынша, тәрбиеші жанжал кезінде өз-өзіне ие бола алмай, бірнеше мәрте қызған үтікті жасөспірімнің денесіне басқан. Қызметкерлер арасындағы бұл сұмдық жайттан хабардар болған орталық басшылығы дереу полиция шақыртқан.
Оқиғаға қатысты ресми мәлімет алу әзірге мүмкін болмай тұр. Себебі, орталық директоры Дина Құсалина екі күн бұрын басқа қызметке ауыстырылған.
Күдікті тәрбиеші қазір қылмыстық қудалауға алынған. Ол және оның бірге жұмыс істеген әріптесі қызметінен босатылды. Егер тергеу нәтижесінде оның кінәсі дәлелденсе, оған екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.