Қостанайда мемлекеттік субсидияны жымқырған, кейін ақшаны заңдастырған қылмыстық топ сотталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Beef Export Group ЖШС басшысы А.Г. Пархоменко жетекшілік еткен қылмыстық топ Ауыл шаруашылығы басқармасының лауазымды тұлғаларының қатысуымен, сондай-ақ, аудандық деңгейдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер және ветеринария мамандарымен келісу арқылы субсидияны заңсыз алу схемасын ұйымдастырған.
"Қаскөйлер ірі қара малды сатып алу және оны қайта өңдеу туралы құжаттарды жалған жолмен рәсімдеу арқылы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында жүйелі түрде субсидия алып отырған. Түскен қаражат мал ақысына төленгендей етіп көрсетіліп, ақпараттық жүйелерге енгізілгеннен кейін қолма-қол ақшаға айналдырылып, кейін жалған өнім үшін төлем ретінде бақылаудағы ұйымдардың шотына қайта аударылған. Мемлекетке 3 млрд теңгеден аса залал келген", - деп жазылған ҚМА хабарламасында.
Тергеу барысында күдіктілер 107 млн теңгеден аса қаражатты ерікті түрде өтеген. Сот үкімімен ұйымдастырушы А.Г. Пархоменко 14 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қылмыстық топтың 14 қатысушысына 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Жалпы құны 3 млрд теңге болатын мүлік, соның ішінде 1,3 млн АҚШ доллары және 700 млн теңге тәркіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
