Қостанайда дәрігерді ұрған науқас сот алдында жауап берді. Айыпталушы сот отырысында бірден өкінетінін айтып, кінәсін толық мойындады, деп хабарлайды Dalanews.kz 31 арнаға сілтеме жасап.
Қостанайлық дәрігер Антон Кистановқа қол көтерген – оның құрдасы, 34 жастағы Абылайхан Сәрінжепов болып шықты. Ол үйленген, үш баласы бар, ЖШС-те жүргізуші болып жұмыс істейді. Айыпталушының сөзінше, бүйрегіндегі тас салдарынан болған қатты ауырсыну, ұзақ күту және урологтың дөрекі сөйлегені оны қол көтеруге итермелеген.
“Ол маған: "Не үшін Денсаулық сақтау министрлігіне қоңырау шалдың, саған ол не береді?" – деді. Мен: "Сұрақтарыңды кейін қой, мен мына ауырсынуға шыдамай тұрмын" дедім. Тура ұстаманың алдында тұрғандай едім. Ол болса: "Сен не, дәлізде қойша айқайлап, мені іздеп жүрсің бе?"– деді. Сол сәтте мен шыдай алмай ұрып жібердім, өзім де қалай болғанын түсінбей қалдым”, – деді Сәрінжепов сотта.
Бұған дейін Абылайхан Сәрінжепов жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіліп, уролог ем тағайындап, ауырсынуды басқан болатын. Алайда жағдайы қайтадан нашарлаған соң, дәрігер қайта келуге кеңес берген. Дәрігер Антон Кистанов ол күнді нақты есіне сақтайтынын, бірақ қабылдау бөліміне түсер сәттен кейінгі жайтты мүлде ұмытқанын айтты. Ми жарақаты салдарынан оның жады ғана емес, денсаулығы да зардап шеккен.
“Алда әлі де көптеген күтпеген салдар болуы мүмкін. Қан қысымының көтерілуі, эпилепсиялық ұстамалар, киста пайда болуы және тағысын тағы. Нейрохирургтар жарты жылға дейін, тіпті одан да ұзақ уақыт бойы гематома таралмауы ықтимал дейді”, – деді зардап шеккен дәрігер Антон Кистанов.
Айыпталушының бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды: ол тонау ісі бойынша шартты жаза алған, сондай-ақ жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндегені үшін қоғамдық жұмыстарға тартылған. Енді ол абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін ең көп дегенде 1 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.