Қошанов: «Жастарға жұмыс» жобасы жұмыс табуды қолжетімді етеді

Dalanews 17 шіл. 2023 03:46 412

Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған елордадағы Арбатта бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысты. Іс-шара Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында жастарды қолдау мәселесіне баса мән берілген. Онда 2029 жылға дейін 2,3 миллион жасты жұмысқа орналастыру міндеті қойылды.

Осы орайда, партияның «Жастар Рухы» жастар қанаты «Жастарға жұмыс» жобасын жүзеге асырып отыр. Жобаның негізгі бағыттарының бірі – бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу. Жәрмеңке 10-20 шілде аралығында еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылады.

Ерлан Қошанов елордадағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысып, жастармен және әлеуетті жұмыс берушілермен әңгімелесті.



– Бүгінде жастар қауымын толғандыратын негізгі мәселенің бірі – жұмысқа орналасу. Жастардың қалауы мен әлеуетіне сай келетін лайықты жұмыс табу өте маңызды. Бұл олардың өз қабілет-қарымын шыңдаудың, отбасы мен елдің игілігі үшін адал еңбек етуінің алғышарты. «Жастарға жұмыс» жобасы, міне осыған бағытталған. Бұл бастама жастардың жұмыс табуын қолжетімді, ашық әрі ыңғайлы етеді, – деді партия төрағасы.



Ерлан Қошанов партия жанындағы жастар қанатының басты мақсаты – мемлекет ұсынатын мүмкіндіктерді қалай пайдалануға болатынын жастарға түсінікті тілде сауатты әрі жан-жақты түсіндіру екенін атап өтті.

«Жастарға жұмыс» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейді. Онда ізденуші бос жұмыс орындарының бар-жоғын біліп қана қоймай, сол жерде қажетті мәлімет алып, жұмыс жағдайын нақтылай алады. Жәрмеңкеде жұмысқа орналастырудан бөлек, жастарды әлеуметтік қолдауға қатысты мемлекеттік барлық бағдарлама бойынша кеңес беріледі. Яғни, баспана алудан бастап, емделуге, жеке кәсіп бастауға және білім алуға қатысты бағыт-бағдар ұсынылады.

Жоба аясында жылдық мөлшерлемесі 2,5%-ды құрайтын несиелендіру, тау-кен өнеркәсібінде 2 мың бос жұмыс орнын құру, жас мамандарды IT-дағдысына үйрету үшін 3 мың ваучер бөлу және тағы басқа бастамалар қарастырылған.

Елордадағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі Арбатта – ашық аспан астында ұйымдастырылды. Бұл – жастар қауымы көп жиналатын көрнекті орын. Мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор және жеке компаниялар арасынан 70-тен астам жұмыс беруші 1300-ге жуық жұмыс орнын ұсынды. Олардың арасында ҚазАгроҚаржы, Қазпошта, Samruk-Kazyna Construction, Қазақстан темір жолы, Самұрық-Энерго және өзге де компаниялар бар. Іс-шараға 2000-нан астам адам қатысты.

«Жастарға жұмыс» жобасы 2023 жылдың қаңтарында бастау алды. Жарты жылда ел аумағында 120-дан астам бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған 90 мыңнан астам адам қатысты. Оның ішінде, 18,6 мың жас жұмысқа орналасуға жолдама алып үлгерді. Еліміздегі 3000-нан астам ірі және шағын кәсіпорындармен жастарды жұмысқа орналастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Еске сала кетейік, бұған дейін «AMANAT» партиясы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге жастарды нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған «Жастарға жұмыс» жобасын жүзеге асыру бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеген еді.

Суретті түсірген Әли Ғалым

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар