Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Президенттің Жолдауына байланысты пікір білдіріп, бір палаталы Парламент құру бастамасына қолдау көрсетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, бұл – мемлекетіміздің даму бағытына сай жүйелі әрі байыпты реформа болмақ.
"Жолдау Президентіміздің "барлық реформаның өзегі – адам" деген басты қағидатты үздіксіз ұстанып келе жатқанын тағы да дәлелдеді. Елімізде атқарылып жатқан игі істердің барлығы халық үшін және халықпен бірге жасалып жатыр. Бұл – Мемлекет басшысының берік ұстанымы", – деді Ерлан Қошанов.
Оның сөзінше, Жолдауда еліміз үшін тағы бір маңызды реформа – Парламенттік реформа ұсынылған. Бұл бастама қоғаммен бірге талқыланып, халықтың шешімімен қабылдануы тиіс.
"Мемлекетіміздің болашағына қатысты тағдыршешті мәселенің бәрі халықтың талқысына салынып, шешім қабылдауды халықтың өзіне беру – Президентке тән ашық басқару стилі. Бұл азаматтардың пікірін құрметтеу және жаңа саяси мәдениет қалыптасқанын көрсетеді", – деді Мәжіліс төрағасы.
Ерлан Қошановтың айтуынша, бір палаталы Парламент идеясы қоғамда бұрыннан талқыланып келеді. 2022 жылғы конституциялық реформа барысында осы бағыттағы алғашқы қадамдар жасалған.
"Бұл бастама кезең-кезеңімен іске асып келе жатқан жүйелі, байыпты реформалардың жалғасы ретінде қабылдануы қажет. Ол ұзақ уақытты әрі тұтас қоғамның атсалысуын талап ететін терең институционалдық реформа екенін түсінген жөн. Сондықтан алдағы жылы сарапшылардың, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның қатысуымен жан-жақты талқылау жүргіземіз", – деді ол.
Сонымен бірге Мәжіліс төрағасы бүгінде әр азаматтың елдің саяси өміріне еркін араласуына мүмкіндік бар екенін атап өтті.
"Ауыл, аудан, қала әкімдерін тікелей сайлау жүйесі орнықты. Жергілікті мәслихаттарға да мажоритарлық жүйе арқылы сайлау өтіп жатыр. Келешектегі бір палаталы Парламентті партиялық тізіммен жасақтау партиялардың рөлін арттырады, биліктің мызғымас институты ретінде қалыптастырады. Белсенді азаматтар өз ұстанымы мен көзқарасына сай келетін партияға мүше болып, Парламентке келіп, елдің тағдырына араласа алады. Мұндай жүйе әлемдік тәжірибеде кеңінен тараған", – деді Қошанов.