"Қайрат" футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Backstreet Boys концерті өткеннен кейінгі Орталық стадион газонының сапасына алаңдауға негіз жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
РСК-дегі брифингте журналистердің сұрағына жауап берген ол газон сапасы сын көтеретінін атап өтті.
"Реал" ойыншылары – жоғары деңгейдегі футболшылар. Оларға біздің газонда ойнау қиынға соғады деп ойламаймын. Газон қорқынышты жағдайда емес, неге сонша сынайсыздар? Агрономдарымыз барынша күтім жасап жатыр. Тіпті “Селтик” пен “Слованға” қарсы өткен ойындармен салыстырғанда алаң әлдеқайда жақсы. Алдағы уақытта одан да жақсарады деп сендірді. Сондықтан біз ешқандай мәселе көріп тұрған жоқпыз", – деді Уразбахтин.
Газон дауы
Айта кетейік, стадиондағы газон мәселесі соңғы айларда қызу талқыға түскен. Бұған бірнеше ірі концерт себеп болды. “Қайрат” жанкүйерлерінің бірлестігі спортқа қатысы жоқ шараларды өткізуді тоқтатуды талап етіп, мұндай іс-шаралар алаңды бүлдіретінін мәлімдеген. Бұған қоса, “Селтикпен” өткен кездесуден кейін шотландиялық клубтың бас бапкері Брендан Роджерс те газонның сапасын сынап, оны өз ойыншыларының әлсіз ойынының себептерінің бірі ретінде атаған болатын. Сол ойында алматылықтар пенальти сериясында жеңіске жетіп, алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алған.
Алдағы қарсыластар
Жеребе қорытындысы бойынша «Қайрат» төрт үй матчін өткізеді. Қарсыластары – мадридтік «Реал», бельгиялық «Брюгге», гректің «Олимпиакосы» және Кипрдің «Пафосы».
Ірі концерттер мен қауіпсіздік шаралары
Бұған дейін әлемдік жұлдыз Дженнифер Лопестің концерті қарсаңында стадион инфрақұрылымы жаңғыртылып, жарық жүйесі толық ауыстырылған еді.
Сахнаның техникалық жабдықталуы мен қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тексерілді. Сыртқы дәретханалар жаңартылды, қоршаулар қалпына келтіріліп, іргелес аумақ абаттандырылды.
Концерт кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2960 қызметкер жұмылдырылады: оның ішінде 2240 полиция қызметкері, 600 әскери қызметкер, 120 жеке күзет агенттігі өкілдері және 300 ерікті болды.
Стадион аумағы төрт негізгі фан-аймаққа бөлінеді, әрқайсысы 2–3 мың адамға арналған. Бұл көрермендердің қозғалысын бақылау мен тәртіп сақтауға мүмкіндік берді.
Қала әкімдігі тарапынан санитарлық талап да басты назарда болды. Стадион жанына қосымша 100-ге жуық биодәретхана қойылды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында еріктілер тазалық жұмыстарын жүргізіп, іс-шара барысында тазалықты қамтамасыз етті.