Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов, биыл сәуір айында өзіне жасалған қарулы шабуылдан кейін, сотта жеке куәлік беруге ниетті. Бұл туралы оның өкілі Жеңіс Тыныбек мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тыныбектің айтуынша, бүгін, 12 тамызда Берденовке ота жасалды. Қазіргі жағдайы туралы нақты мәлімет жоқ. Дегенмен ол дәрігерлер рұқсат берген бойда сот залына келіп, болған жайтты егжей-тегжейлі айтып беруге дайын.
“Бүгін оған операция жасалды. Дәрігерлер рұқсат еткен сәтте куәлік береді деп жоспарлап отырмыз. Өзі де “сотқа барамын, бәрін толық айтып беремін” деп отыр. Жиенбайдың алғашқы сотта сөйлеген 45 минуттық сөзінің бірде-бірі шындыққа жанаспайды. Оның өз әйеліне күйе жағатын мәлімдемелері орынсыз”, – деді Тыныбек.
Сонымен қатар жәбірленушінің өкілі тергеу барысында айыпталушы және оның қорғаушысымен кездескенін айтты. Әңгіме кезінде қарсы тарап ақпараттық шабуылмен қорқытқан.
“Олар бізге келіп: “Соғыс болады” деп ескертті. Жарайды, соғысыңдар, біз заңгерміз. “Егер қарсы ұсыныс болмаса, соғыс басталады. Ақпараттық тұрғыдан құртамыз, Берденовтің мансабына нүкте қоямыз” деп ашық айтты”, – деді ол.
Соттағы тың мәліметтер
Қазір Шымкентте Берденовке қастандық жасау ісі бойынша сот жалғасуда. Бұған дейін судья 28 шілдеде жәбірленушінің өзі сотқа қатысуы қажет екенін айтқан еді.
Бүгін сотта Берденовтің көмекшісі Талап Рахымбердиев куәлік беріп, айыпталушының телефон арқылы қорқытқанын растады. Ал құрылыс нысандарын бақылау бөлімінің басшысы Аманғали Кенжебеков Жиенбайды жұмыстан босату жоспарланғанын мәлімдеді.