Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы, оның әйелі Ғалия Ысқақова мен адвокаты Мустахим Түлеев пара беруге оқталғаны, делдалдық және алаяқтық үшін сот үкімін шығарды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тергеу барысында Мұхамедиұлы аса ірі мөлшерде пара беруге оқталды деп (ҚК 24-бабының 3-бөлігі – 367-бабының 4-бөлігі), Ысқақова – парақорлыққа делдалдық жасады деп (ҚК 368-бабының 1-бөлігі) және Т. – аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп (ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) айыпталды.
Қандай айып тағылып отыр?
Мұхамедиұлы 2022 жылдың желтоқсанында Астана қаласының тергеу изоляторында болған кезінде қамаудан босатылып, "Дипломат" қонақүйін меншігінде ұстап қалғысы келіп, адвокат Түлеев арқылы лауазымды тұлғаларға аса ірі мөлшерде пара беруге ниет білдірді, бұл ретте өзінің жұбайы Ысқақованы парақорлыққа делдал ретінде тартуға шешім қабылдады. Әрі қарай, жұбайы Мұхамедиұлымен келісіп, Түлеевпен келіссөздер жүргізіп, заңсыз ақшалай сыйақыны лауазымды адамдарға беру туралы келісімді жүзеге асыру мақсатында Түлеевке Мұхамедиұлының пара беруге дайын екенін айтқан. 2022 жылдың желтоқсанында Ғалия Ысқақова кафеде "Дипломат" қонақүйінің мәселесін шешу үшін адвокат Түлеевке 140 мың АҚШ долларын жеке өзі табыстады.
2023 жылдың қаңтарында жұбайы Түлеевтің көлігінде делдал рөлін атқара отырып, Мұхамедиұлына қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту үшін 120 мың АҚШ долларын өзі тапсырды. 2023 жылдың сәуірінде Ғалия Ысқақова жүргізушісі арқылы адвокат Мустахим Түлеевке жазасын жеңілдету үшін тағы да 100 мың АҚШ долларын берді.
2023 жылдың маусымында ол тағы да делдал рөлін атқара отырып, өзінің ұлы арқылы Түлеевке 27 млн. теңге және 40 мың АҚШ доллары сомасында ақша берді. Түлеев алдау және сенімге қиянат жасау арқылы ақшаны иемденіп, оларды өз қалауы бойынша басқарды.
Прокурорлар не дейді?
- Сотта прокурор айыптауды қолдап, Мұхамедиұына ҚК-нің 58-бабын қолдана отырып, 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды;
- Адвокат Түлеевті 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыруды;
- Мұхамедиұлының әйелі Ғалия Ысқақованы 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыруды сұрады.
Үшеуі де тағылған айыпты мойындамай, оларды ақтауды сұраған.
Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденген.
Сот шешімі
Сот Мустахим Түлеевтің кішкентай балалары болуын, Ысқақова оның асырауында қарт анасының болуын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Мұхамедиұлына қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ. Сотталушылардың жауапкершілігі мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
Сот үкімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы аса ірі мөлшерде пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылып, ҚК-нің 58-бабының 3 және 6-бөліктері негізінде, 20.06.2023 жылғы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен тағайындалған қатаң жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру жолымен қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға тыйым салына отырып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
Оның әйелі Ғалия Ысқақова парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танылып (ҚК 368-бабының 1-бөлігі), өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынып, 6 айға бас бостандығынан айырылды. Адвокат Түлеев аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып (ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы), 10 жыл мерзімге адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.