Өзбекстанда бала зорлағандарға өмір бойы түрме жазасын енгізу ұсынылды

Өзбекстанда бала зорлағандарға өмір бойы түрме жазасын енгізу ұсынылды
Түрме. Көрнекі фото: Photo by Sam Scholes/Getty Images

Өзбекстан Олий Мәжілісінің заң шығару палатасы 14 жасқа толмаған балаларды зорлағандарға қатысты жазаны күшейтуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жобаға сәйкес, мұндай ауыр қылмыс жасағандарды өмір бойына бас бостандығынан айыру мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар балаларға қарсы жасалған ауыр қылмыстар бойынша кінәлілерді қылмыстың ескіру мерзіміне байланысты жауапкершіліктен босатпау ұсынылып отыр.

Құжатта жәбірленушіден жауап алу процесін міндетті түрде бейнетаспаға жазу және оларға мемлекет есебінен заңгерлік көмек көрсету тетіктері де қамтылған.

Бұдан бөлек, бала тәрбиесіне қатысты міндеттерді орындамау, балалардың құқықтарына қол сұғу, неке жасына байланысты заң талаптарын бұзу, сондай-ақ мұғалімдердің білім беру барысында балаға күш қолдануы үшін жауапкершілікті күшейту көзделген.

Балаларға қарсы ауыр қылмыстар үшін жазаны қатайту мәселесі Наманған облысындағы мемлекеттік балабақшада болған оқиғадан кейін күн тәртібіне шықты. Онда 5 жастағы қыз бала зорланды деген күдікпен балабақшаның шаруашылық жұмыстарына жауапты 52 жастағы қызметкер ұсталып, қамауға алынған.