Каспийдегі трагедия: Саясаттанушы биліктің әрекетін бағалады

Каспийдегі трагедия: Саясаттанушы биліктің әрекетін бағалады
Фото: kipd.kz сайты

Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін ақпараттық майданда үлкен бетбұрыс орын алды. Саясаттанушы Ғазиз Әбішев алғашқы алты күнде қоғамдық пікірдің қалай өзгергенін сараптады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әбішев Каспийдегі трагедияның әскери және саяси салдарымен қатар, коммуникациялық қырына да назар аударды. 

«24-25 қыркүйекте ақпараттық ахуал алаңдатарлық, кей тұста дағдарыстық сипатта болды. Қоғамды қанша адамның қаза тапқаны, кімдердің табылғаны, әскери қызметшілердің қайда екені, оқиға орнында не болып жатқаны, құтқарушылар мен мемлекет қандай әрекет жасап жатқаны қызықтырды. Алайда әскерилер тиісті коммуникация орната алмады», – деп жазды Ғазиз Әбішев.

Оның пайымынша, 26 қыркүйекте ақпараттық күн тәртібі біршама өзгеріп, қоғам алғашқы эмоциялық күйден оқиғаның себептері мен жауапты тұлғаларды анықтауға көшкен.

«Қоғам “не болды?” деген сұрақтан “бұл неліктен болды?”, “кім жауап береді?” және “бұдан әрі қандай шара қабылданады?” деген сауалдарға ауыса бастады», – дейді саясаттанушы.

Президент мәлімдемесінен кейін күн тәртібі өзгерді

Ғазиз Әбішев 27 қыркүйекті мемлекеттік ақпараттық саясаттағы бетбұрыс кезеңі деп бағалады. Оның пікірінше, бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың трагедияға қатысты айтқан пікірі мен қабылдаған шешімдері әсер еткен.

Мемлекет басшысы оқиғаны армиядағы жүйелі кемшіліктермен байланыстырып, Қорғаныс министрлігінің басшылығын ауыстырды. Сонымен қатар он күн ішінде әскери реформаның нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Қойылған міндеттердің арасында қорғаныс саласына бөлінетін қаражаттың тиімділігін арттыру, кадрларды іріктеу тәртібін өзгерту, басқару жүйесін жаңғырту, цифрландыру, әскери қызметшілердің кәсіби даярлығы мен қауіпсіздігін күшейту мәселелері бар.

«Президент трагедияға баға беріп қана қоймай, оны армиядағы жүйелі кемшіліктермен байланыстырды. Кадрлық шешім қабылдап, әскери реформаның нақты жоспарын дайындауға он күн мерзім берді. Осыдан кейін мемлекеттік күн тәртібі сапалық тұрғыдан өзгерді», – деді ол.

Саясаттанушының сөзінше, 28 қыркүйектен бастап ресми коммуникацияда трагедиядан кейін мемлекет жүйелі қорытынды жасап, армияны реформалау туралы шешім қабылдағаны алға шыға бастаған.

Бұл ретте Ғазиз Әбішев вице-президенттің әлеуметтік желідегі жазбасын мысалға келтірді. Онда зардап шеккендерге көмек көрсету, объективті тергеу жүргізу, кадрлық шешімдер қабылдау және армияны реформалау жөніндегі президент тапсырмаларының логикасы түсіндірілген.

Әлеуметтік желідегі пікірталас жалғасып жатыр

Сарапшының айтуынша, әлеуметтік желілерде трагедияға байланысты өткір пікірталас әлі де тоқтаған жоқ. Дегенмен талқылаудың мазмұны өзгеріп, алғашқы эмоциялық күй мемлекеттік органдар мен жекелеген қоғам қайраткерлерінің әрекетін бағалауға ұласқан.

Мысал ретінде ол боксшы Жанқош Тұраровтың жаңа Қорғаныс министрін құттықтаған жазбасын атады. Бұл жарияланым Threads қолданушыларының өткір сынына ұшыраған.

«Әлеуметтік желілерде әлі де жергілікті пікірталастар жүріп жатыр. Бірақ мұнда да алғашқы эмоциялық есеңгіреуден мемлекет пен жекелеген жария тұлғалардың әрекетін бағалауға қарай бетбұрыс байқалады», – деп жазды саясаттанушы.

Билік қорғаныс позициясынан шықты

Ғазиз Әбішевтің бағалауынша, трагедия болған алғашқы күні мемлекет негізінен жедел әрекет етуге басымдық берген. Ал 29 қыркүйекке қарай ресми органдар қоғамға ұсынатын нақты шешімдер мен атқарылған жұмыстардың ауқымын кеңейткен.

Іздеу операциясы аяқталып, трагедияның толық ауқымы анықталды. Қаза тапқандардың отбасыларына мемлекеттік көмек көрсетіліп, күдіктілер ұсталды және қылмыстық тергеу жалғасып жатыр. Президент оқиғаға жария түрде баға беріп, кадрлық шешімдер қабылдады, жаңа Қорғаныс министрін тағайындады.

Сонымен бірге Қорғаныс министрлігінде кешенді тексеру басталып, әскери реформа жүргізудің негізгі бағыттары белгіленді.

«Мемлекет қазір 24-25 қыркүйектегідей қорғаныс позициясында тұрған жоқ. Президенттің 27 қыркүйектегі шешімдерінен кейін билік ақпараттық кеңістікте елеулі бастамаға ие болды», – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, қабылданған шаралар билікке ресми реакцияның мазмұнын айқындап, қоғамның оқиғаны қабылдауына ықпал етуге мүмкіндік берді. Алайда бұл бастаманы сақтап қалу үшін президент тапсырмаларының орындалу барысы ашық көрсетілуге тиіс.

«Ақордаға енді бұл бастаманы сақтап, оны реформаның нәтижесі туралы орнықты қоғамдық түсінікке айналдыру міндеті тұр. Мемлекеттік органдар кәсіби қабілетін президент тапсырмаларының қалай орындалып жатқанын қоғамға көрсету арқылы дәлелдеуі керек. Сонда мемлекет қоғамдық күн тәртібін қалыптастырумен шектелмей, халықтың сенімін де арттыра алады», – деп қорытындылады Ғазиз Әбішев.