Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев D.A.R. Metall AG басқарма төрағасы Кристиан Артнерді қабылдап, Қазақстандағы металл өңдеу жобаларын жүзеге асыру перспективаларын талқылады, деп хабарлайды Dala News.
Кездесуде Қазақстанның өнеркәсіп және экология салаларындағы басымдықтарына сай келетін заманауи неміс технологияларын игеру мәселесіне мән берілді.
Президент Қазақстан үшін металлургия секторының стратегиялық маңызы жоғары екенін атап өтті. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев саланың ірі кәсіпорындарының бірі Qarmet компаниясында жүргізіліп жатқан реконструкция және жаңғырту жұмыстарының барысына тоқталды.
Сонымен қатар тараптар Қазақстанда металл өңдеу жобасын бірлесіп іске асыру мүмкіндігін қарастырды.
Кристиан Артнер неміс компаниясының Қазақстандағы өндірістік жобаларды одан әрі дамытуға ниетті екенін жеткізді.
D.A.R. Metall AG Алатау қаласында тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу жобаларына, сондай-ақ Qarmet компаниясымен бірлескен жаңа бастамаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр.