Қазақстан үкіметі Теңіз кен орнын игеру лицензиясын ұзарту мәселесі бойынша Chevron бастаған консорциуммен келіссөз жүргізіп жатыр. Bloomberg агенттігінің 2026 жылғы 22 қыркүйектегі мәліметіне сәйкес, Астана келісімшартты ұзарту үшін шамамен 10 млрд доллар көлемінде біржолғы төлем мен мемлекет үлесін қазіргі 20%-дан кемінде 35%-ға дейін арттыруды талап еткен, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазіргі таңда «Теңізшевройл» компаниясындағы үлестер былай бөлінген: Chevron – 50%, ExxonMobil – 25%, «ҚазМұнайГаз» – 20%, ал Lukarco («Лукойл») – 5%.
Келіссөздер бір жылдан бері жалғасып келеді
Тараптар арасындағы ресми келіссөздер 2025 жылдың қыркүйегінде басталған. 2026 жылдың сәуірінде Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов серіктестердің Теңізде 2033 жылдан кейін де жұмыс істеуге мүдделі екенін мәлімдеген болатын. Bloomberg жариялаған ақпараттың басты жаңалығы – келісімшартты ұзарту құнының нақты атала бастауы. Бұл Қазақстанның 1990-жылдары жасалған мұнай келісімдеріне қатысты ұстанымы күшейгенін көрсетеді.
Сонымен қатар Қазақстан Кашаган және Қарашығанақ жобалары бойынша да миллиардтаған долларды қамтитын халықаралық арбитраждық даулар жүргізіп жатыр.
Қазақстанның келіссөздегі ұстанымы күшейді
Соңғы жылдары Қазақстан Еуропаға мұнай жеткізетін елдер арасында екінші орынға шықты. Ал Таяу Шығыстағы тұрақсыздық Каспий мұнайының стратегиялық маңызын арттырды. Алайда сарапшылар Теңіз кен орнының болашағына қатысты белгілі бір тәуекелдер де бар екенін атап өтеді. Мәселен, 2026 жылдың тамызында ExxonMobil компаниясы Теңіздегі өндіріс көлемі шарықтау шегіне жақындағанын және 2035 жылға қарай тәуліктік өндіріс шамамен 500 мың баррельге дейін төмендеуі мүмкін екенін хабарлаған.
Күкіртсутегі мөлшері жоғары кен орнын халықаралық мұнай алпауыттарының технологияларынсыз игеру қиын болғандықтан, келісімге келуге екі тарап та мүдделі саналады.
Теңіз Chevron үшін аса маңызды жоба
Теңіз жобасының Chevron үшін маңызы ерекше. Компанияның дәлелденген мұнай қорларының 10%-дан астамы Қазақстанға тиесілі. Сонымен қатар «Теңізшевройл» Chevron-ның негізгі табыс көздерінің біріне айналған. 2026 жылдың екінші тоқсанында компанияның аффилиирленген құрылымдарынан түскен төлемдер көлемі шамамен 3 млрд доллар болған. Оның басым бөлігі ТШО үлесіне тиесілі.
Chevron жыл қорытындысы бойынша Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы барреліне 70 доллар болған жағдайда аффилиирленген төлемдерден 6 млрд доллар түсіруді жоспарлап отыр.
«Лукойлдың» үлесі де талқылануы мүмкін
Қазіргі уақытта Қазақстан талап етіп отырған 10 млрд долларлық төлемнің консорциум мүшелері арасында қалай бөлінетіні белгісіз. Сондай-ақ «Лукойлға» тиесілі 5 пайыздық үлестің тағдыры да назарда тұр. 2026 жылдың қаңтарында Энергетика министрлігі АҚШ Қаржы министрлігіне компанияның Қазақстандағы активтерін сатып алу мүмкіндігіне қатысты сұрау жолдаған.
Сарапшылардың пікірінше, егер «ҚазМұнайГаздың» Теңіздегі үлесі ұлғайса, бұл компанияның ұзақ мерзімді перспективадағы қаржылық түсімдерінің артуына ықпал етуі мүмкін.
Қандай тәуекелдер бар?
Сарапшылар қазіргі уақытта талқыланып жатқан шарттардың түпкілікті нұсқа емес екенін ескертеді. Келіссөздердің ұзаққа созылуы 2033 жылдан кейінгі Теңіз жобасының бағасына қатысты белгісіздікті сақтап отыр. Мемлекет үлесінің ұлғаюы шетелдік серіктестердің үлесін және болашақ табысын азайтуы мүмкін. Бұдан бөлек, мұнай экспорты әлі де Каспий құбыр консорциумына (КҚК) тәуелді.
Сондай-ақ өндіріс көлемі ең жоғары деңгейге жеткеннен кейін мұнай өндірудің біртіндеп төмендеуі кен орнының ұзақ мерзімді даму перспективаларына әсер етуі ықтимал.