Қонаевтағы Жеңіс паркінде тағы бір мемориалды тас ашылды

Жарбол Кентұлы 30 қаз. 2024 12:46 1455

Қонаев қаласында тәжік-ауған шекарасында, Қарабақ пен Ирак Республикасында ұрыс қимылдарына қатысушы сарбаздардың құрметіне мемориалды тас ашылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ашылу салтанатына қала әкімінің міндетін атқарушы Төлеген Кенжебеков, әскери қызметкерлер, ардагерлер қатысты.

– Бұл мемориал – біздің қаһарман жауынгерлеріміздің ерліктерін, олардың бейбітшілікті сақтау жолындағы күрестерін мәңгілікке сақтау символы. Таулы Қарабақ қақтығысында сол кездегі Ішкі істер министрінің орынбасары Серіков Сайлау Досымұлы, майор Вячеслав Котов, техник Геннадий Долгов, лейтенант Дмитрий Яловенко, Ирак республикасында бітімгершілік миссиясында капитан Құдабаев Қайрат Төлеуханұлы қаза тапты.

Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығыста 46 қазақстандық жауынгер өз өмірін қиды. Олардың ерліктері жастарымызға, болашақ ұрпаққа өнеге, – деді Төлеген Кенжебеков.

Содан кейін ескерткіш тастың лентасы қиылып, гүл шоқтары қойылды. Кейіннен қаза тапқан сарбаздарға арнап 1 минут үнсіздік жарияланды.

Айта кетейік, Жеңіс паркі былтыр күрделі жөндеуден өткен. Онда ҰОС-та қаза тапқан ардагерлерге, Ауған соғысына қатысқан сарбаздарға арналған ескерткіштер де бар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар