Бас мүфти кәсіпкерлерді Құрбан айтта бағаны көтермеуге шақырды

Бас мүфти кәсіпкерлерді Құрбан айтта бағаны көтермеуге шақырды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтап, ел бірлігі мен татулыққа үндеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бас мүфти өз құттықтауында Құрбан айттың мұсылман қауымы үшін ең ұлық мерекелердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл мейрам – Аллаға жақындаудың, тақуалық пен жан тазалығын арттырудың, қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға қол ұшын созудың мерекесі.

«Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранда: “Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал” деп бұйырған», – деді Бас мүфти.

Наурызбай қажы Тағанұлы қазақ халқының Құрбан айтты ежелден айрықша дайындықпен қарсы алғанын айтып, құрбандық етін мұқтаж жандарға тарату, үлкеннің батасын алу, ренжіскен адамдардың татуласуы секілді дәстүрлердің қоғамдағы ізгілік пен мейірімділікті нығайтатынын жеткізді.

Сондай-ақ ол қасиетті мереке күндері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Айт – татулық мерекесі» атты татуласу акциясын ұйымдастыратынын мәлімдеді. Акцияның мақсаты – араздасқан жандарды татуластырып, қоғамдағы ауызбіршілікті арттыру.

Бас мүфти Құрбан айт кезінде еліміздегі мешіттер ауласында киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар мен мәдени-рухани іс-шаралар өтетінін айтты. Осыған орай ол халықты ұлттық киім киіп, мерекені ұлттық нақышта атап өтуге шақырды.

Сонымен қатар Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерді әлеуметтік жағдайды ескеріп, Құрбан айт күндері мал бағасын негізсіз қымбаттатпауға және азық-түлікке жеңілдіктер жасауға үндеді.

Бас мүфтидің айтуынша, ҚМДБ бірнеше жылдан бері qurban.muftyat.kz онлайн платформасы арқылы құрбандық шалуды цифрлық форматта ұйымдастырып келеді. Бұл жоба азаматтарға құрбандық рәсімін ыңғайлы әрі ашық түрде орындауға мүмкіндік береді.