Қазақстанда көлік нөмірін жақын туысына беруге ресми түрде рұқсат етілді. Тиісті өзгерістер Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен заң күшіне енді. Енді қазақстандықтар бұрын пайдаланылған мемлекеттік нөмірді өз туысының атына қайта рәсімдей алады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңа тәртіпке сәйкес, нөмірді ата-анаға, балаға, аға-ініге, әпке-сіңліге, ата-әжеге, немереге және заңды жұбайына беруге болады. Сонымен қатар көлік мұрагерлікпен өткен жағдайда мемлекеттік нөмірді мұрагердің атына қалдыруға рұқсат беріледі.
ІІМ мәліметінше, мұндай рәсім бұрын қарастырылмаған. Нөмірді қайта рәсімдеу үшін бұрынғы иесінің келісімі, туыстықты немесе мұрагерлікті растайтын құжаттар қажет болады. Сондай-ақ мемлекеттік баж төленеді.
Сонымен бірге сұранысқа ие VIP-нөмірлердің тізімі де кеңейтілді. Енді жоғары сұраныстағы нөмірлер қатарына 010, 020, 030, 070, 077, 090, 100, 111, 222, 333, 555, 666, 707, 777, 888, 999 және басқа да ерекше комбинациялар енгізілген. Бұдан бөлек, бірдей әріптерден тұратын нөмірлер мен арнайы комбинацияларды таңдауға мүмкіндік беріледі.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, қазақстандықтар «әдемі» нөмірлерді eGov порталы мен өзге де цифрлық сервистер арқылы онлайн таңдай алады. Бұрын мұндай қызмет көбіне ХҚКО арқылы рәсімделсе, енді өтінім толық электронды форматта қабылданады.
Тағы бір маңызды өзгеріс — көлікті тіркеу кезінде биометриялық сәйкестендіру енгізіледі. Енді көлік иесінің жеке басы мемлекеттік цифрлық жүйедегі деректер арқылы тексеріледі. Егер биометриялық сәйкестендіруден өтпесе, жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыруға да уақытша шектеу қойылады.
ІІМ көлік тіркеу мерзімдерін де қысқартқан. Құжатқа сәйкес, eGov арқылы көлікті тіркеу 60 минутқа дейін, ал көлікті тексеру қажет болған жағдайда 120 минутқа дейін жүргізіледі.
Сонымен қатар көлікке қатысты барлық мәлімет енді бірыңғай цифрлық жүйеде сақталады. Оған көліктің техникалық деректері, иесі, тіркеу әрекеттері, шектеулер мен іздеуде тұрғаны туралы ақпарат енгізіледі.
Жаңа ережеде көлікті онлайн сатып алу-сату рәсімі де нақтыланған. Енді бұрынғы және жаңа иесі eGov арқылы бір өтінім аясында көлікті есептен шығарып, қайта тіркей алады.