Әлеуметтік желіде Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған жазба көпшіліктің назарын аударды. Instagram қолданушысы Ләззат Асанова Қазақстанның Тұңғыш президентіне саулық тілеп, "Ауырмаңыз, Нұрсұлтан аға!" деген жазба жариялаған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Автор өз жазбасында ел басқарудың үлкен жауапкершілік екенін айтып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы күрделі кезеңдерде мемлекет тізгінін ұстаған тұлғалардың еңбегі тарихта қалатынын атап өткен. Оның сөзінше, Нұрсұлтан Назарбаев елдің қалыптасу кезеңінде экономика, сыртқы саясат және елорданы дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарды.
"Халықтың алғысы мен ақ батасы – елге қызмет еткен азамат үшін ең үлкен марапат. Денсаулық – адамға берілген ең қымбат нығметтердің бірі. Сондықтан ел ағасына саулық пен ұзақ ғұмыр тілеу – халқымыздың ізгі дәстүрі", – деп жазған Instagram қолданушысы.
Сонымен қатар ол жазбасында ел ішінде бірлік пен тұрақтылық сақталып, көк байрақ әрдайым биікте желбірей беруін тілеген. Желі қолданушысы жарияланымға жасанды интеллект арқылы жасалған Назарбаевтың ауруханада жатқандай суретін де қоса салған. Алайда бұл суреттің нақты оқиғамен байланысы бар-жоғы расталмаған.
Айта кетейік, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың денсаулығына қатысты ақпарат желіде тараған еді. Астанадағы University Medical Center медициналық орталығы Назарбаевқа жүрегіне тағы да операция жасалды деген ақпаратқа түсініктеме беріп, тараған мәліметтердің ескі әрі өзектілігін жоғалтқанын мәлімдеген. Орталық қоғамды тексерілмеген ақпарат таратпауға шақырған.
UMC мәліметінше, Назарбаевқа жасалған операция туралы соңғы ресми ақпарат 2023 жылы жарияланған. Ол кезде хирургиялық араласуды белгілі кардиохирург Юрий Пя жүргізгені хабарланған болатын.