ІІМ әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі аккаунтты басқа адамдарға бермеу керек екенін мәлімдеді. Алаяқтар жасөспірімдерден sim карталар мен аккаунттар алып, оларды өз мақсатына пайдаланады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Полиция мұндай әрекеттер қылмысқа жәрдемдесу ретінде сараланатынын ескертті.
"Кәмелетке толмағандар материалдық сыйақы алу мақсатында әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы үшінші тұлғалардың өтінішімен sim карталарды іске қосып, оларды әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге тіркеп, кейін басқа адамдарға берген оқиғалар тіркеліп жатыр. Қаскөйлер бұл аккаунттарды алаяқтық қоңырау жасау үшін пайдаланады", - деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бейбіт Біржанов.
Ведомство мынадай ескерту жасады:
- шығу тегі күмәнді sim карталар мен құрылғыларды сатып алмау және таратпау қажет;
- аккаунтын басқалардың пайдалануына бермеу керек;
- кәмелетке толмағандарға мұндай әрекеттердің жауапкершілігі мен салдарын түсіндірген жөн.