Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Сенат кулуарында журналистерге берген сұхбатында Нұрлан Нығматуллиннің ұлы Нұржан Нұрлановқа қатысты істің қазіргі мәртебесін түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Бұған дейін Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қылмыстық істі тергеп жатқан. Қазіргі таңда іс халықаралық тергеу тапсырмасының жолдануына байланысты уақытша тоқтатылды. Өзгеріс жоқ. Әзірге ол куәгер ретінде өтіп жатыр. Біздің сұраныстарымызға жауап келгеннен кейін ғана мәртебесі нақтыланады", — деді агенттік өкілі.
Еске салайық, бұған дейін Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Ниғматулиннің ұлы Нұржан Нұрлановқа қатысты қылмыстық іс аясында халықаралық тергеу тапсырмасы жолданғаны туралы жазған едік. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді.
"Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментінде рейдерлік дерегі бойынша қылмыстық іс бар. Қазір тергеу жүріп жатыр. Осы іс шеңберінде халықаралық тергеу тапсырмасы жолданды. Қазіргі уақытта ешкімге күдікті мәртебесі берілген жоқ. Бірқатар мән-жайлар анықталуы қажет. Нұрлановты біз күдікті деп танымаймыз, ол әзірге куә ретінде жауап алуға жатады. Тергеу барысында қосымша фактілер анықталса, құқықтық баға берілуі мүмкін. Маған белгілісі – ол қазіргі уақытта елден тыс жерде", – деді Елемесов мәжіліс кулуарында.
Нұржан Нұрланов 2019 жылдың ақпанынан 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларына дейін «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС-нің бас директоры қызметін атқарған. Бұған дейін, 2018 жылдың қаңтарынан бастап ол «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма мүшесі болды. Сондай-ақ, ол квазимемлекеттік секторда бірқатар маңызды лауазымдарда қызмет атқарған.
Ал Нұрлан Ниғматулин 2022 жылғы 1 ақпанда мәжіліс төрағасы қызметінен кеткен. Ол төменгі палата спикері лауазымын 2016 жылдан бастап атқарып, бұған дейін 2012–2014 жылдары да осы қызметте болған. Әр жылдары ол президент әкімшілігін басқарған және Қарағанды облысының әкімі болған.