ҚМА Әділет министрлігінің шенеунігін ұстады: ұрланған қаражат қандай мақсатқа бөлінген еді?

Қаракөз Амантай 26 ақп. 2025 11:30 1187

Сот сараптамалары орталығының басшысы Руслан Сатывалдиевке бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылып отыр. Ал ұрланған қаражат нашақорлықпен күреске арналған мемлекеттік бағдарлама аясында жабдық сатып алуға бөлінген. Бұл туралы ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев үкіметтегі брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қазіргі таңда нақты соманы атай алмаймын, себебі күдікті әлі кінәлі деп танылған жоқ. Алайда бұл қаражат сот сараптамалары орталығына қажетті жабдық сатып алу үшін, нашақорлықпен күреске бағытталған мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген", – деді министр.

Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, 2024 жылы осы мемлекеттік бағдарламаға 3,8 млрд теңге бөлінген.

Еске салайық, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығының басшысы Руслан Сатвалдиевтің ұсталғанын ресми түрде растады. Бұл туралы ҚМА төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді.  

"Біздің өндірісте бұл іс бар. Ол қаражатты жымқыру және ысырап ету бойынша күдікке ілінді. Қазіргі таңда оған қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу санкциясы қолданылды. Қалған мәліметтерді жариялай алмаймын. Жымқыру сомасы әртүрлі болуы мүмкін", - деді Елемесов мәжіліс кулуарында журналистерге берген сұхбатында.

Бұған дейін журналист Михаил Козачковтың Telegram-арнасында Сатвалдиевке қатысты республикалық бюджеттен бөлінген миллиардтаған қаржыны жымқыру күдігі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тараған болатын. Аталған қаражат психотроптық және есірткі заттарына сараптама жүргізуге арналған жабдықтар сатып алуға бөлінгені айтылған.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып жатыр. ҚМА өкілдері істің мән-жайын толық жариялаудан бас тартқанымен, қоғамда бұл оқиға үлкен резонанс тудырып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар