Қызылордада жемқорлардан қайтарылған қаржыға жаңа ауруханалар салынбақ

Қаракөз Амантай 06 там. 2025 09:32

Қызылорда облысында қайтарылған активтер есебінен 7 млрд теңгеге жаңа медициналық мекемелер салынады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Арнайы мемлекеттік қорға қайтарылған қаражат Арал, Қазалы, Шиелі және Жаңақорған аудандарындағы орталық аудандық ауруханалар жанынан жаңа корпустар салуға бағытталған. Бұл жаңа нысандарда инсульттік орталықтар мен рентгенхирургия бөлімшелері секілді бейінді бөлімдер ашылып, магниттік-резонанстық томография, компьютерлік томография және ангиографиялық құрылғылар секілді заманауи медициналық жабдықтар орнатылады.

“Жобаларды жүзеге асыру ауылдық жерлерде тұратын 300 мыңнан астам адамды арнайы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді”, – деп мәлімдеді Үкімет.

Нысандарды биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Айта кетейік, күні кеше Жамбыл облысы Меркі және Талас аудандарындағы ауданаралық көпсалалы орталық ауруханаларды қайта жөндеуге Арнайы мемлекеттік қордан 2,4 миллиард теңге бағытталғаны хабарланған еді.

Бұл қаржының басым бөлігі 2,3 млрд теңгесі Талас аудандық көпсалалы орталық ауруханасын күрделі жөндеуге жұмсалады.

Ал Меркі аудандық көпсалалы орталық ауруханасының қабылдау бөлімін жөндеуге 144,9 млн теңге қарастырылған. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жалпы, 2025 жылы Жамбыл облысындағы денсаулық сақтау саласының төрт нысанын дамытуға Арнайы мемлекеттік қордан 2,8 млрд теңге бөлінген.

Бұған дейін заңсыз шетелге шығарылған активтерді елге қайтару есебінен Қордай және Талас аудандарында екі дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталғаны хабарланған. Әрбір амбулатория күніне 45 адамды қабылдай алады.

Сондай-ақ жуырда Арнасай ауылында елімізде алғаш рет коррупционерлерден қайтарылған қаржыға салынған жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар