Қызылордада санитарлық-техникалық жабдықтар шығаратын ірі зауыт салынады,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Жоба испаниялық Roca Group компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда және аталған сала бойынша Орталық Азиядағы ең ірі жобалардың біріне айналады.
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, жобаға тартылатын инвестиция көлемі 70 млн еуроны құрайды, ал кәсіпорынды іске қосу өңір тұрғындарын 300 жаңа жұмыс орнымен қамтуға мүмкіндік береді.
Зауыт тек ішкі нарықты ғана қамтамасыз етіп қоймай, сонымен қатар өнімді шетелге экспорттаумен де айналысады деп күтілуде.
«Мемлекет басшысының инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін біз шетелдік инвесторлармен жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Өткен жылы Roca Group компаниясымен Қызылордада өндіріс орнын ашу мәселесін талқыладық. Компания санитарлық-техникалық бұйымдар өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналады. Roca Groupпен бірлесіп өндірісті бастау туралы негіздемелік келісімге қол қойылды», - деп атап өтті әкім.