Қызай ана мешіті ашылды

Dalanews 10 қар. 2017 13:38 1624

Өткен аптаның соңында, жексенбі күні Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданы Шелек округіне қарасты Май ауылында «Қызай ана» мешіті ашылып, әз анаға арнап ас берілді. Игі шараны Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандас-Ел» республикалық қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырған. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына сай ашылған мешіттің еліміздің дамуы, ауылдың көркеюі үшін қосар үлесі барын айтып, алыстағы ағайынды Отанға оралуға үндеген құттықтау хатын жолдапты.

Мешіттің ашылу салтанатына Алматы және Талдықорған қалаларынан зиялы қауым өкілдері, жергілікті тұрғындар, Қауымдастық өкілдері, Шелек округінің әкімдік қызметкерлері қатысып, сөз сөйлеп, концерттік бағдарлама ұсынылды.

Мешітті жөндеу жұмыстарын «Отандас-Ел» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері Нұрбосын Ысқақ, Еркінтай Маралбайұлы, Райыс Әріпжанұлы,  Жұбан Оралбай, Мұқатай Әбдолла, Жанболат Құрман, Нұртұрған Нұрданбек, Еркін Сәрсенбай, Тұрғанжан Кахап қатарлы азаматтар қаржылай және ұйымдастыру жағынан елеулі үлес қосқанын бірлестік төрағасы Мұқан Мамытхан мырза арнайы атап өтті. Мешіттің ашылуына келген жамағат та өз көмектерін атап, алдағы уақытта руханият саласында іске асырылар кез келген шараға белсене араласуға уәде берді.

Қызай ана – исі қазаққа танымал аналардың бірі. Өзінің шешендігі мен ісмерлігі, мейірімділігі мен батырлығы арқылы қазақ тарихында аңызға айналған ананың ұрпақтары миллионға жуық. Қазақ хандығы құрылар тұстан өмір сүрген Қызай ана туралы тарихи дастандар, аңыз-әфсаналар, шежіреге арқау болған сан алуан деректер жетерлік.

Бұған дейін «Қызай ана» қорының ұйымдастыруымен Алматы облысы Талғар ауданы Өстемір ауылындағы Қызай ана көшесінің бойында жыл сайын дәстүрлі Наурыз мерекесі тойланып, ауыл тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлап, оқушылар арасында аудандық спорт жарысы, республикалық жыр мүшәйрасы, оқушылар мен студенттерге арнайы стипендия беріліп келген еді. Бұл шара алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар