Қытай Шаньдун провинциясында қазақстандық QazTrade компаниясының өкілдігін ашқысы келеді

Dalanews 16 қыр. 2024 11:50 3197

Қытайдың Шаньдун провинциясының Халық үкіметі төрағасының орынбасары Сун Цзюнцзи қазақстандық QazTrade компаниясының сауда өкілдігін ашуға ұсыныс тастады. Бұл мәселе ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің ҚХР-ға жасаған іс-сапарында талқыланды. Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге қатысты негізгі мәселелер сөз болды деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қытай провинциясының өкілі сауда көлемін арттырып, сауда саясатын жетілдіру үшін жұмыс механизмін ойластыруды ұсынды. Осылайша екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық жақсарады дейді. Шаққалиев болса, қытайлық тараптың ұсыныстарын талқылауға дайын екенін білдірді.

«Біз былтырдан бері Қытаймен сауда-саттықты аймақтандыру принципі бойынша,  әр өңірмен оның ерекшеліктерін ескере отырып жұмыс істеп жатырмыз», — деді министр.

Министрдің сөзіне сүйенсек, Қазақстан Шаньдунға агроөнеркәсіп кешені өнімдерін, ет және басқа да тауарларды экспорттай алады. Мысалы қаңтар-шілде аралығында Қазақстан мен аталған провинция арасындағы сауда-саттық $869,1 млн болған. Оның ішінде экспорт көлемі $348 млн болса, импорт —$521 млн.    

Қазіргі таңда QazTrade кеңселері Сычуань, Хубэй және Шыңжаң провинциялары мен Ұйғыр автономдық округінде жұмыс істеп тұр. Ал QazTrade болса, Сауда министрлігіне тиесілі. Мемлекеттік компания экспортшыларға шығынының кей бөлігін өтеуге, орта және шағын бизнес иелеріне қазақстандық шикізат емес өнімдерді өткізуге көмектеседі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар