Экспортқа басым көңіл бөле бастаған аймақ елдері осы арқылы жұмыссыздық мәселесін шешіп, ауыл шаруашылығын дамытуды көздейді. Алайда Қытайдың да өз білгені бар. Орта Азияға өз нарығын айқара ашып, осының негізінде ықпалын арттыра түсуді мақсат тұтады.
«Бейжің аймақ елдеріне несие таратуды тыйып, ықпал етудің өзге жолын жүзеге асырып көрмек», – дейді Eurasianet.
Орта Азияның ауыл шаруашылығы өнімдеріне есігін айқара ашқан Қытай аймақпен арадағы экономикалық әріптестіктің жаңа кезеңіне аяқ баспақ.
Eurasianet жазғанындай, Қытай осы күнге дейін Орта Азиядан мұнай мен газдан өзге жарытып ештеңе алмаған. Былтырдан бері осы саясатқа түзету енгізген Бейжің шикізаттан өзге тауарды сатып алуға құлық танытып жүр.
«Орта Азиядан Қытай нарығына өтетін азық-түлік, көкөністің аясы кеңіп келеді. Фитасанитарлық келісімшарттарға қандай да бір бюрократиясыз қол қойылуда. Қытай аймақтың кәсіпкерлеріне экспорттық лицензия алуға жәрдемдесіп, ҚХД-дың электронды сауда саласындағы ерекшеліктерін ерекше ықыласпен түсіндіруде», – дейді Eurasianet.
Бейжіңнің мұнысы бекер емес. Әлбетте, осы арқылы Қытай аймақтың экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етеді, екінші жағынан Қытай компанияларына аймақ нарығына енуіне жол ашады әрі саяси ықпалын күшейте түседі.
Eurasianet пайымдауынша, Қытай аймақ елдеріндегі инфрақұрылымдық нысандарға бөлген несиелердің нәтижесі шамалы екеніне көзі жеткен. Ал мына бір әдістің ақыр соңы өзін-өзі ақтарына күмәнданбайды.
Қытай нарығына кіре отыра Орта Азияның экспортшылары доллармен табыс табады, табыс тапқасын түсімін көбейткісі келеді, тиісінше жаңа жұмыс орындарын құрады, осы арқылы Бейжіңге басыбайлы байланғанын байқамай қалады.
Айталық, Қытай Корея мен Австралияны жазалағысы келсе, бұлардың тауарын өз нарығына өткізбей қояды.
Орта Азия елдерінің үкіметі экспорт саланы дамытуға мүдделі екенін әлденеше рет айтқан. Олар осы арқылы жұмыссыздық мәселесін шешуді көздейді. Ауыл шаруашылығының потенциалын көтергісі келеді.
2019-да Бейжіңге сапар шеккен Қазақстан Президенті Тоқаев Қытайға тасымалданатын бидайдың көлемін үш есе арттыруды ұсынды. Бұл экспорт әлеуетін арттырғысы келетін Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік екенін айтты.
Тоқаев бидай саудасымен ғана шектелген жоқ. Қазақстанның Қытай нарығына арнап сүт өнімдерін, сиыр етін, құс етін, қой етін, шошқа етін, ұн, астық және майлы дақылдар жеткізуге сақадай-сай отырғанын тілге тиек етті. «Біз Қытай нарығына тасымалданатын экологиялық таза өнімдердің көлемін көбейте түсуде көздейміз» деді Тоқаев.
Өзбек басшысы Мирзиёев те сол сарында сөйлеген. Қытайға экспортталатын ауыл шаруашылығы өнімдерін бес есе арттыруды жоспарлап отырғанын жеткізген.
«Бейжің стратегиясы екі тармақтан тұрады. Олар алдымен 1,4 млрд тұтынушысы бар ішкі нарыққа кіруге жол ашады. Саясаты экспортқа бағытталған, Қытай нарығын игеруге құлықты компанияларды қаржыландырады.
Бұл ұзақмерзімді жоба. Қазақстандағы инвестициялық агенттіктің дерегінше биыл елде ет экспорты бағытындағы жалпы құны 127 млн долларға бағаланған 5 кәсіпорын ашылады, оның ішінде Қытай капиталының көмегімен қабырғасы қаланатын құны 26 млн долларға бағаланған ірі жоба бар. Кәсіпорын Алматы облысында ашылады.
Қазақстан Үкіметі елдің «халықаралық азық-түлік хабына» айналатын мүмкіндігі барын әркез мақтана айтады. Журналистермен сауалдасқан Сауда министрі Бақыт Сұлтанов өзі басқаратын ведомствоның жыл сайын 100-ден аса қазақстандық компанияның өнімін сыртқы нарыққа шығаруды жоспарлап отырғанын желпіне жеткізген. Сұлтановты сөзден іске көшкен кезде бағалайтын боламыз», – дейді Eurasianet.
Сайт дерегінше, соңғы жылдары Қазақстан шикізат тәуелділігінен бірте-бірте арылып келеді. Бұл үрдіс 2015 жылдан бері байқалуда екен. Өзбекстан да солай. Экономикасы мақта экспортына байланған Ташкент соңғы жылдары «құлдықтан» құтылуға тырысуда.
Әйтсе де, жалпы ішкі өніммен (ЖІӨ) салыстырғанда екі елдің сыртқы нарыққа тасымалдайтын тауар көлемі тым-тым мардымсыз (Қазақстанның ЖІӨ-сы 180 млрд, Өзбекстанда бұл көрсеткіш 58 млрд-ты құрайды).
Eurasianet мәліметінше, Тәжікстан мен Қырғызстанда ҚХР-ға тасымалданатын экспорт көлемі өспеген.
«Қазақстан, Өзбекстан және Тәжістанда Қытайға қарсы үлкен аудитория бар. Соған қарамай аталған елдер Қытай инвесторымен жұмыс істеуге ынтық. Қырғызстандағы жағдай сәл бөлек. Мұндағы қытайлық кәсіпорындар қашан көрсең бопсалау мен зорлық-зомбылыққа ұшырап жатады. Мәселен, былтырғы жылдың ақпанында құны 280 млн долларға бағаланған «Ат-Баши» индустриалды сауда-логистикалық орталығының құрылысы тоқтап қалды. Қырғыздар келіссөзді кілт үзді. Бішкек осылайша, өз экономикасын әртараптандырып, Ресейден түсетін ақша аударымдарына тәуелділіктен құтылу мүмкіндігінен айырылды», – дейді Eurasianet.
...
Жарайды, Орта Азияның кәсіпкерлері Қытай нарығына кірді. Олар бұл жақта қандай кедергімен кездесуі мүмкін?
Eurasianet жазғанындай, біздің бизнесмендер Қытай нарығында екі түрлі кедергімен бетпе-бет келеді екен.
Алғашқысы, Қытай нарығы аса ауқымды нарық. Орта Азияда бәсеке мұндағы бизнес аламанның шаңына да ілесе алмайды. Көптеген салаларды әлемнің түкпір-түкпіріне жеткен ірі экспортшылар «иемденіп» алған.
Бейжің бұл туралы білмейді емес, біледі. Осы себепті Орта Азиядан келген кәсіпкерлерді бәсекелестіктің қыр-сырына үйретеді екен. Тауарын Қытай сөрелеріне еш кедергісіз жеткізудің амал-әдісін көрсетеді. Аймақтағы өндірістік процестерді модернизациялауды өз қалтасынан өтейді.
Ал Қытай нарығына кірген Орта Азия кәсіпкерлері өзгелерден озып, осы нарықты билеп-төстеуді көздемейді. Аймақтан келетін экспорттаушылар бірқатар сектордан аз-мұз үлес алса да жеткілікті, осының өзінен-ақ қырып табыс табады.
«Екінші мәселес – логистика. Қытайдың шығыс жағалауында орналасқан қалаларға жету қиын. Тауарды ұшақпен жеткізуі өзін-өзі ақтамайды. Қымбат. Көлікпен тасу мехнат.
Мұны жақсы түсінген Бейжің де, Орта Азия елдері де трансшекаралық логистканы дамытуды мақсат тұтып отыр. Бірақ бұл айтуға оңай. Ілгеріде аты аталған «Ат-Баши» жобасы іске келгенде кесе-көлденең шығар кедергілердің көп екенін көрсетіп тұр», – дейді Eurasianet.
Айтпақшы...
Қытай былтыр елге ет кіргізетін негізгі экспорттаушы Австралияны нарықтан қуып шықты. Осы елден келетін сиыр етіне шектеу енгізген Бейжің осы арқылы Қытайдың адам құқығы бағытындағы саясатын сынға алған Канберраға жауап қатты.
Сарапшылар пікірінше, Қазақстан бұл мүмкіндікті мүлт жібермеуі керек. Қытайдың етке деген сұранысын өтіп, ақшаға бөгіп жатқан нарықты игеріп әкетуге тиіс. Қытайлар шошқа етін жемей тұра алмайды. Осыны ескерген даниялық және қытай инвесторлары Ақмола облысындағы шошқа өсіру комплексіне 22 млн доллар инвестиция құюға уағдаласқан болатын.
...
2020 жылдың сегіз айында Қытай-Қазақстан шекарасындағы тасымал көлемі 14,2 млн тоннаны құраған. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30 процентке көп.
Аударған Аяулым ШАЙМАРДАН
Дереккөз: Eurasianet.org