"Қытай – Еуропа дәлізі": Қазақстандағы транзиттік тасымал тарихи рекорд орнатты

Кәмшат Тілеухан 09 мау. 2025 12:12

Қытайдан Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік жүк тасымалы жаңа рекордтық көрсеткішке жетті. 2024 жылы бұл бағыттағы жүк көлемі соңғы он жылдан астам уақыт ішіндегі ең жоғары деңгей – 15,4 млн тоннаға жеткен. Бұл туралы Қазақстан Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми деректерінде көрсетілген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сараптамаға сүйенсек, Қазақстан арқылы Қытайдан үшінші елдерге жеткізілген транзит жүктерінің көлемі бір жылда 22%-ға өскен. Жалпы алғанда, соңғы үш жыл қатарынан Қытайдан өтетін транзиттік жүк тасымалы екі таңбалы қарқынмен үздіксіз өсуде. Дегенмен соңғы жылдары өсу қарқыны баяулағаны байқалады: мәселен, 2022 жылы өсім 37%, 2023 жылы 33% болса, былтыр бұл көрсеткіш 22%-ды құраған.

Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік тасымалдар бойынша Қытай ең негізгі жүк жөнелтуші ел болып отыр – оның үлесі жалпы тасымалдың 72 пайызын құрайды. Дегенмен Қытайдың өзі жүктерді қабылдаушы ел ретінде Қазақстан арқылы өтетін транзитте тек 2% деңгейінде ғана.

Қытайдан тасымалданған транзиттік жүктердің артуына негізгі себепкер – Өзбекстан мен Еуроодақ елдері. Атап айтқанда, Өзбекстанның транзиттік тасымалдағы үлесі бір жылда бірден 60%-ға өсіп, 5,3 млн тоннаға жеткен. Ал Еуропа одағы елдерінің үлесі былтырмен салыстырғанда тіпті еселеп өскен – 134%-ға артып, 2,3 млн тоннаны құраған.

Керісінше, бұған дейін басты бағыттардың бірі саналып келген Ресейдің Қытайдан Қазақстан аумағы арқылы транзитпен қабылдайтын жүктерінің көлемі бір жылда шамамен 14,7%-ға қысқарып, 3,6 млн тоннаға дейін төмендеген.

Осылайша, Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытуда Қытайдан Еуропа мен Орталық Азияға қарай бағытталған сауда жолының маңызы артып, бұл бағыттағы тасымалдар соңғы жылдары жаңа рекордтық көрсеткіштерді жаңартып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар