Қыркүйектен бастап мобильді аударымдар тексеріледі – Қаржы вице-министрі

Қаракөз Амантай 25 мау. 2025 14:01

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәжіліс кулуарында мобильді аударымдарға қатысты жаңа талаптар қыркүйек айынан бастап күшіне енетінін мәлімдеді. Алайда бұл жаңашылдық қарапайым халыққа емес, көлеңкелі табыс көзін жасырып жүргендерге бағытталғанын атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Егер анасы қызына, не әкесі баласына, бауырлар арасында ақша жіберілсе – ешқандай мәселе туындамайды. Тіпті бір-екі миллион теңге көлемінде болса да сұрақ қойылмайды”, – дейді вице-министр.

Біржанов мобильді аударымдарды бақылау үш негізгі критерийге негізделетінін түсіндірді:

Бірінші – жіберушілер саны. Егер бір адамға жүз түрлі адамнан ақша түсіп отырса, бұл назарға алынады. Ал екі-үш, тіпті он адам бір-біріне ақша жіберіп отырса – бұл критерийге сай келмейді.

Екінші – тұрақтылық. Үш ай бойы бір адамға бір топ адам тұрақты түрде аударым жасаса – бұл да тексеріледі.

Үшінші – жалпы сома. Егер аударымдардың жиынтық көлемі бір миллион теңгеден асып кетсе, мониторингке ілінеді”, — деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, бұған дейін де мобильді аударымдар бойынша белгілі бір деректер жиналып отырған. Ал жаңа жүйе – аударым сомасына байланысты бақылауды заңды түрде бекітеді. Қазір тиісті бұйрық дайын. Бүгін қабылданған заң жобасынан соң ол да күшіне еніп, 60 күн ішінде толық іске қосылады.

“Қыркүйекте жүйе жұмыс істей бастайды. Бұл қарапайым азаматтарға емес, салықтан жалтарып, жасырынып жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге бағытталған”, – деді Ержан Біржанов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар