Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев 11 жылға сотталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сот шешімі
Бішкектегі Бірінші Май аудандық соты Қой-Таш оқиғасына қатысты атышулы іс бойынша үкім шығарды. Бұл іс бес жылдан астам уақыт бойы қаралып келген еді.
Kaktus.media мәліметінше, басты айыпталушы, яғни Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев 11 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, сот оның барлық мемлекеттік марапаттарын тартып алып, мүлкін тәркілеуге шешім шығарды.
Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевқа қатысты Қой-Таштағы оқиғалар бойынша өтіп жатқан сотта тараптардың жарыссөздері аяқталды.
Прокурорлар экс-президентті 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Қой-Таштағы оқиға
2019 жылғы 7 тамызда Қырғызстанның арнайы жасағы Алмазбек Атамбаевтың Қой-Таштағы резиденциясын күштеп алуға тырысты. Келесі күні ІІМ мен ҰҚМК бірлесіп, екінші арнайы операция өткізіп, экс-президентті ұстап әкеткен болатын.
Оқиға кезінде Атамбаевтың жақтастары күштік құрылымдарға тас лақтырып, қоқыс пен дөңгелектерді өрттеген. Қақтығыс екі күнге созылып, 136 адам жараланып, бір арнайы жасақ қызметкері оқтан қаза тапты.
Экс-президентке бірқатар қылмыстық іс бойынша айып тағылған:
- 2019 жылғы Қой-Таштағы жаппай тәртіпсіздікке қатысу
- Жемқорлық
- Қылмыстық жолмен келген ақшаны заңдастыру
- Түркия азаматтарына заңсыз паспорт беру
2020 жылғы қазандағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру істері бойынша да айып тағылған. Алайда соңғы екі іс бойынша Атамбаев ақталған.
Қой-Таш оқиғасына қатысты материалдар жер телімдері мен ЖЭО-ға көмір жеткізу істерімен біріктірілген.
Еске салайық, Атамбаев Назарбаев тұсында "Қазақстан қырғыз сайлауына араласты", "қазақ билігі ұры" деп сын айтып, Назарбаевтың өзін диктатор деп атаған еді.