Қырғызстанда Ташиевтің бауыры ұсталды

Көркем Алдабергенова 01 сәу. 2026 11:06

Қырғызстанда жемқорлық ісі аясында бұрынғы парламент депутаты Шаирбек Ташиев ұсталды. Ол ақпанда қызметінен кеткен Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиевтің туған ағасы. Бұл туралы Қырғызстанның Ішкі істер министрлігі хабарлады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ведомство мәліметінше, ұсталу «Қырғызмұнайгаз» кәсіпорнындағы қаржы жымқыру дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс шеңберінде жүзеге асқан. Тергеуді бастауға Министрлер кабинеті жанындағы Мемлекеттік салық қызметінің материалдары, сондай-ақ аудиторлық тексеріс қорытындылары негіз болған.

ІІМ өкілдері тергеу амалдары жалғасып жатқанын, әзірге егжей-тегжейлі ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді. Бұған дейін «Қырғызмұнайгаздағы» заңбұзушылықтар ісі бойынша бірнеше адам, оның ішінде Ташиевтердің жиені Байғазы Матисақов та ұсталған. Ол аталған кәсіпорынмен байланысты компанияны басқарған.

Шаирбек Ташиев Жогорку Кенештің VIII шақырылымының депутаты болған. Алайда «Қырғызмұнайгаз» ісіне қатысты тергеу басталып, ағасының қызметтен кетуінен кейін ол депутаттық мандатын тапсырған. Осындай шешімді Камчыбек Ташиевке жақын саналатын тағы онға жуық депутат қабылдаған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove