Қырғыздар биліктен жерді шетелдіктерге жалға беруге мороторий жариялауды сұрады

Dalanews 17 мам. 2016 02:07 897

 

«Ішінде нақақ көзден жас бар ма деп…»

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» жарлығы қырғызстандықтардың да қолдауына ие болуда.

«Жерге меншік құқығы біздің өлкемізде де бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі болып тұр. Қырғызстанда кейінгі жылдары қабылданған заңнамалар шетелдіктердің жерді жалға алып қана қоймай, оны иеленуіне алғышарттар жасауы мүмкін. Бұл өлкеміздің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Шетелдіктерге жерді жалға беруге Қырғызстанда да мороторий жариялануы керек. Президент Н. Назарбаевтың шешімін қолдаймыз», – деді бізбен сұхбаттасуда Қырғызстанның Үкіметтік емес ұйымдары қауымдастығының төрайымы Тоқтайым Үмөталиева.

Қырғызстанның белгілі құқық қорғаушысы атап өткендей, шетелдіктерге жер учаскелерін жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығын беру, сондай-ақ республиканың азаматтарына және заңды тұлғаларына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне жеке меншік құқығын беру мәселелері Қырғызстанда да өте байыптылықпен қайта қарауды қажет етуде.

Рұқсатнама сыбайлас жемқорлықтың тетігіне айналған

Кен қазып алу мақсатында жерді бірлесіп пайдалану Қырғызстанда 1992 жылдың 4 желтоқсанында Қырғыз Үкіметі мен канадалық жеке компанияның Ыстықкөл облысында «Құмтөр» алтын кенін ашу бойынша келісім жасауынан басталған. 1996 жылы өнім шығара бастағаннан бері «Құмтөрдің» кірісін бөлудің (республикаға және шетелдіктерге) үлес салмағы бойынша дау бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді және әлі де елдің көңілін толық қанағаттандырғандай шешімін тапқан жоқ. Мәселені дұрыс шеше алмаған Үкімет басшысы (үкімет құрамымен бірге) отставкаға да кеткен.

«Құмтөрден» аузы күйген ел Талас облысында «Жерүй» алтын кен орнының ашылуына «пайдасынан зияны» деп бірнеше жыл қарсылық көрсетумен болды. Президент Алмазбек Атамбаев шетелдіктер кеніште жұмыс істеуге рұқсат алу үшін қазынамызға 100 миллион доллар құяды, жергілікті жердің әлеуметтік мәселесін шешуге қолқабыс көрсететін болады деп басу айтуға да тура келді. «Жерүй» алтын кенінде әзірлік істері биылғы наурыз айында басталды. Өткен жылдың мамыр айында өткізілген сынақта лицензияны Ресейдің «Восток-геолдобыча» ашық акционерлік қоғамының «Альянс Алтын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңіп алған. Бірақ, онымен қазір сынаққа қатысып, ұтылып қалған «Қырғызалтын» ААҚ соттасуда.

Қырғызстанда шетелдіктердің кен қазып алу мақсатындағы жерге уақытша иелік етуі 2013 жылдың 12 қарашасында басталған («Құмтөр» Қырғыз-канадалық бірлескен кәсіпорын болғандықтан оның құқықтық мәртебесі басқа). Өлкенің оңтүстіктегі Жалалабад облысының Шатқал ауданының аумағында алтын қазуға тау-кен барлау істерін жүргізу үшін Қырғызстанның геология және минералдық ресурстар министрлігі аукцион өткізіп, аукционға қатысқан 15 талапкердің ішінен – қырғыз-қытай бірлескен «Чаткал Голд» және жергілікті «Чаткал Лачын» компаниялары рұқсатнама алған.

Атап айтқанда, геологиялық санаттағы жерді жалға берген бірінші аукцион 2012 жылдың 28 тамызында өткізіліп, төрт алтын, бір көмір кені аукционға қойылған. Қырғызстанның мемлекеттік телерадиокомпаниясының залында тікелей эфир арқылы аукцион өтіп жатқанда залға Қырғызстанның «Асаба» партиясының елудей адамы басып кіріп, аукционды өткізбей тастады. Партияның белсенділері: «Бағалы металдар шығатын жерді геология және минералдық ресурстар агенттігінің директоры Ұшқын Ташпаев жең ұшынан бұған дейін-ақ сатып жіберген. Аукцион тікелей эфир арқылы халықтың көзін бояу үшін өткізіліп отыр. Кен орындарына рұқсатнама барлау істері үшін емес, өндіріс істері үшін берілуде», – деп қарсылық білдірді.

Сол оқиғаға байланысты геолог-маман, Қырғызстанның тау-кен қауымдастығының төрағасы Оразбек Дүйшеев өз пікірін былай тұжырымдаған: «Аукцион деген не? Халыққа, қоғамға көрсетіп ашық сатуды көрсету. Бірақ кендер сатылмауы керек.Бұл ешқандай ақылға сыймайтын нәрсе. Лицензияны сату деген де тура емес, лицензия сатылмайды, лицензия беріледі. Аукционның мазмұны – сату. Конституциямыз бойынша, жердің қазба байлықтары сатылмауы керек. Парламент те, Үкімет те жерге иелік жөнінде заңнамаларды қабыл алғанда мамандардан кеңес сұраған жоқ. Бұл қате қадамдардың жасалуына жол ашып беруі мүмкін».

Кейінірек, Ұшқын Ташпаев бес жылға сотталып кеткен болатын. «Қыңыр іс, қырық жылдан кейін білінеді» демекші, сол аукционда Қырғызстанның бес кенішін Әзірбайжан президентінің екі қызына қатысты компания сатып алмақ болғаны төрт жыл өткен соң білініп отыр. Бұл өткен айларда бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарыққа шыққан панамалық Mossack Fonseca фирмасының құжаттарынан белгілі болды.

Кен өндіру ісі кірісті саланың бірі екені бесенеден белгілі. Өндірілген металдың пайдасын былай қойғанда, рұқсатнама берілгені үшін де қомақты қаржы түседі.

Қырғызстанның геология және минералдық ресурстар агенттігінің директоры Дүйшөнбек Зілалиевтің мәлімдеуінше, 2015 жылы агенттікке 7 миллиард 717 миллион 747 мың сом ақша түскен, оның 85 пайызы мемлекеттік бюджетке аударылған. Жер кендеріне рұқсатнама беру бойынша 12 сынақ және аукцион өтіпті.

Алмазбек Атамбаев билікке келгенге дейін, рұқсатнама қағаздары қырғызстандық «іскер» жарандарға астыртын 300-500 сомға сатылып, бұл «пысық» адамдарға майшелпек болып келген. Мұны қырғыз президенті бірнеше алқалы жиналыстарда өзі де айтты.

 

Егістік жер азайып барады

«1991 жылы Қырғызстанда 1 миллион 900 мың гектар егістік жері болса, бүгінгі күнде 1 миллион 200 мың гектар жер қалды. 700 мың гектар жер жоғалған. Зауыттарымыз бен фабрикаларымыз жабылып жатыр, Жерді сақтап қала алмасақ, бәрінен де айрыламыз. 2016 жылды ресми түрде болмаса да «Ауыл шаруашылығы жылы» деп жариялайық», – деп парламенттің 2015 жылдың желтоқсанындағы көшпелі мәжілісінде Жоғарғы Кеңештің депутаты, «Өнігу-Прогресс» парламенттік фракциясының лидері Бақыт Төребаев алаңдаушылық білдірген болатын.

Әлбетте, бұл жерлер ешқайда жоғалып кеткен жоқ. Өйткені шекаралары заңды түрде әлі толық межеленбесе де, Қырғызстанның кеңес мезгілі уақытындағы шекарасы өзгерген жоқ. Демек 700 мың гектарға жақын жердің санаты өзгертілген. Олар республиканың азаматтарының меншігіне, жалға пайдалануына, не шетелдіктердің жалға пайдалануына берілген.

Қырғызстанның Жер кодексінің баптарына сәйкес құзырлы органдардың шешімімен жер учаскелері республиканың азаматтарына және шетелдіктердің пайдалануына берілуде. Жер Кодексіне орай, жерге меншік құқығын беруді мэриялар, аудандық мемлекеттік әкімшіліктер, ауыл үкіметтері іске асырады. Жерді бір санаттан екінші санатқа ауыстыру Қырғыз Үкіметінің құзырында.

Қырғызстанда азаматтарға жер учаскесін беру сыбайлас жемқорлықтың өршуіне әкеліп соқты. Жиырма жылдан бері кезекке тұрып, жер ала алмай отырған адамдардың (отбасылардың) саны он мыңдап саналатыны осының айғағы.

Сот органдары «Шу облысының Аламүдүн ауданының Қара-Жығач, Бәйтік және Лебединовка ауыл өкіметтерінен 262 гектар жерді заңсыз алған» деген айыппен бір жыл бұрын Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңешінің депутаты Қарғанбек Самақовқа қарсы қылмыстық іс қозғаған. Алғаш ол қамауға алынып, кейінірек қаладан «шығып кетпеу» ережесімен «үй қамағына» босатылған. Қазіргі уақытта экс-депутатты тергеу істері жалғасуда. Жерді заңды түрде алды ма, заңсыз алды ма, ол – бөлек мәселе, мемлекеттік салық қызметі республиканың бас прокуратурасына Қ. Самақовтың жер учаскелеріне тиесілі 59 миллион сом салығын төлемегені туралы шағымданған. Осыған дейінгі сот процестерінде экс-депутат өзіне таңылған айыптарды мойындаған жоқ.

Өткен аптада, 7 мамырда «ішіп, жеп қойған» Жоғарғы Кеңештің тағы бір экс-депутаты, Бішкек қаласының экс-мэрі Нариман Төлеев түрмеден босатылды. Ол үш түрлі айыппен: «Қытайдан (200) автобус сатып алуда мемлекетке 33 миллион сом зиян келтірді, қаланың қоқысын таситын машина сатып алуда заң бұзған және қаладағы балабақшаның (жерімен) бірін саттыртқан» деген айыптармен сотталған. 2013 жылдың 29 шілдесінде 11 жылға сотталған шенеуніктің 2012 жылдың 23 маусымынан бастап қамауға алынған бір жылы екі есе өлшеніп, рақымшылық туралы заңнамаларға сәйкес, әрі мемлекетке келтірген 61 миллион сом зиянын төлегеніне байланысты төрт жылға жетер-жетпесте темір тордан босатылды.

Бішкек қаласында жер учаскелерін бөлуде «сыбайластық схемасының» бар екендігін әркімдер-ақ айтуда. Мэрияға қарасты муниципалдық меншік басқармасы бар. Басқармалықта «Қаланың муниципалдық меншігінде тұрған жер учаскелерін жалға беру құқығы бойынша комиссия» жұмыс істейді. 22 адамнан тұратын комиссияға қаладағы төрт әкімшіліктен 4 адам, мэрияның жерге тиесілі қызметкерлері, қалалық кеңештен 5 депутат мүше. Үй салу үшін жер алуға құжат жинаған іскерлердің көпшілігі бұл комиссияны жемқорлардың ұйымы деп есептейді. Қауесетке қарағанда, комиссияға жердің көлеміне, орналасқан жеріне жараса 20 мың доллардан 100 мың долларға дейін пара беретінге ұқсайды.

Іскерлердің айтуынша, комиссияның құрамында «бөтен» адамдар жоқ. Азаматтық қоғамнан, жер иеленушілерден ешкім мүше емес. Мүше депутаттар құрылыс компаниясына иелік құрған шонжарлар. Комиссияны алты жылдан бері вице-мэр Бақыт Дүйшенбиев басқарып отыр.

Жоғарғы Кеңештің депутаты Жұлдыз Мұсабекова жер бөлуде сыбайластықтың белең алғанын ашықтан ашық айтуда. Қырғыздың белгілі журналист қыздарының бірі, еңбек жолын 1995 жылы бастаған ол 2012 жылы мемлекеттік қызметке ауысқан. 2015 жылы парламентке депутат болып сайланғанға дейін төрт жылға жақын Бішкек мэриясына қарасты үш муниципалдық учаскенің («Ақ-Өрге», «Ақ-Ордо» және «Ала-Тау» қоныстарының ) басқарма бастығы болып істеп, жер бөлудің мехнатын көзімен көрген. «Сол қызметте жүргенімде бұрынырақ қаланың қарамағындағы Ленин ауданы әкімінің орынбасары болып істеген Мұқтар Айтқұловтың біздің қоныстардағы жер беруге байланысты бүлдіріп кеткен істерін орнына келтіремін деп шашым ағарды. Қаладағы өзім білетін шенеуніктердің көп қабатты зәулім сарай-үйлерін, қос-қостан қымбат машиналарын көріп, көп болса 20 мың сомның айналасында айлық алатын мемлекеттік қызметкерлердің үйлерін адал ақшаға салмағанын ойлай берем», – деген ол өзімен әріптес болған Бішкек қаласының бұрынғы вице-мэрі Төребек Имашовты қой баққан қасқырға теңеді.

Кезінде жұмысынан кетуге мәжбүр болған, алаяқтығы үшін бірнеше рет сотқа тартылған М. Айтқұлов былтыр Жоғарғы Кеңешке «Атамекен» партиясының атынан депутат болып сайлануға әрекеттеніпті.

Бүгінгі күнде Бішкектің төңірегіндегі бір- қатар жаңа қоныстардың тұрғындары «сыбайластық схемасының» зардабын шегіп отыр. Олар осыдан оншақты жыл бұрын заңды түрде жер алған. Үйлерінің «Қызыл кітабы» (иелік құқықтың мұқабасы қызыл кітабы) бар. Енді ол жерлерге олардан бұрын жерге құқық алған адамдар пайда болған.

Осындайда, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың:

Кесені қолыма алып қарай бердім,

Ішінде нақақ көзден жас бар ма деп, – деген жыр жолдары есіме түседі.

 

Назарбек БАЙЖІГІТОВ, «Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі

 

Түркістан газеті


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар