Веб кеңістікте мұны DDoS шабуыл дейді. Бүтін бір елдің ғаламтор кеңістігіне зақым келтіруде көздейтін қасқөйлер белгілі бір интернет ресурсқа немесе салалық порталға жойқын трафикті «төге салады».
Соның салдарынан ғаламторға кіру қиындап, желі мүлде істен шығады. Интернет сервистердің қызметі баяулайды.
Бұған төтеп беру үшін осыдан біраз бұрын Үкімет «Киберқалқан» жүйесін әзірлеген. Елдің интернет кеңістігін күзететін осынау кешеннің жұмысын «Мемлекеттік техникалық қызмет» агенттігі қадағалайды.
Желілік трафикті ұдайы сүзгіден өткізіп, күдікті контенттің жолын бөгейтін агенттік мамандары кибершабуылға қарсы күндіз-түні көз ілмей күреседі.
«Киберқалқан» кешенінің көмегімен ішкі және сырттан келетін трафик мұқият тексеріліп, қауіпті бағдарламалар бұғатталып отырады.
Сөзімізге дәлел, өткен айда (5 қыркүйек пен 5 қазан аралығы, ред) кешеннің көгімен 20 млн-ға жуық кибершабуылдың беті қайтарылған. «Мемлекеттік техникалық қызмет» агенттігі мамандарының атап өткеніндей мұндай арандатулардың саны сайлау қарсаңынды күрт өсіпті.
«Қазнетті істен шығаруды көздейтін мұндай шабуылдардың тасасында елдің іргесін сөгілтуді көздейтін пасық пиғылды топтардың тұрғаны анық. DDoS шабуылдардың түпкі мақсаты да осы. Әлгіндей топтардың артында боттардан құралған мың сан әскер бар. «Киберқалқан» кешенінің көмегімен осы күнге дейін миллиондаған хакерлік шабуылдың жолы кесілді», – дейді Dalanews-ке пікір білдірген ІТ маман Бақыт Жүсіпов.
«Мемлекеттік техникалық қызметтің» мәлім еткеніндей мұндай шабуылдар сайлау қарсаңында бүгінгіден бетер үдей түсуі мүмкін.
Айта кетелік, президент Тоқаев еліміздің киберқауіпсіздігін күшейту мәселесіне бірнеше мәрте тоқталып, Смайылов үкіметіне тиісті тапсырма берген еді.
Сырттан төнетін қауіп-қатерді сөз еткен Мемлекет басшысы:
«Хакерлік шабуылдардың басты мақсаты ел ішінде дүрбелең орнату. Сыртқы күштердің жымысқы жоспарын жүзеге асыруға жол бермейміз. Киберқауіпсіздікті күшейтуге басымдық беріледі» деген еді.