– Түркістан облысындағы көрікті әрі табиғаты бай Қазығұрт ауданының мерейлі мерекесі бәрімізге ортақ. Мақсат – той тойлау емес, бір ғасырға жуық уақыт аралығындағы оқиғаларды ой елегінен өткізу. Елдің бірлігін нығайтып, игі іске жұмылдыру. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы жарқын болуы үшін әрбір азамат отаншыл болуы қажет. Ал, ол үшін туған жердің тарихын, өлкетануды білген абзал. Қазығұрт қарыштап дами бермек. Сіздерді атаулы күнмен шын жүректен құттықтап, баршаңызға бақ-береке, мықты денсаулық тілеймін! – Ж.Түймебаев.
Мұнан соң, облыс басшысы ауданның өсіп, өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматтарды атаулы күнде құттықтап, сый-сияпат жасады.
Конференция барысында елімізде белгілі бірқатар азаматтар, атап айтқанда, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазығұрт ауданының құрметті азаматы С.Абдрахманов пен ҚР Парламенті Сенатының депутаты, облыстың және Қазығұрт ауданының құрметті азаматы Ә.Бектаев құттықтау сөзін сөйлеп, аудан жұртшылығына Қазығұртты одан әрі көркейтіп, түрлендіруде сәттілік тіледі.
Сонымен бірге, жиында «Киелі Қазығұрт» және «Қазығұрт ауданының тарихы» атты кітаптардың тұсау кесері өтті.
Өңірі көк майсалы, бау-бақшалы, гүл жайнаған Қазығұрт өлкесінің адамдары еңбекқор, мейірімді, бауырмал, ынтымағы мен бірлігі жарасқан құтты мекен екені белгілі. Киелі де қасиетті ауданда түрлі салада жетістердің болуы заңдылық.
Мәселен, Қазығұрт ауданында ауыл шаруашылығы бойынша жалпы өнім көлемі 22,1 млрд. теңге болып, өткен жылдың 8 айымен салыстырғанда 3,7 млрд. теңгеге артқан. Аудан қазынасына 11,1 млрд. теңгеге инвестиция тартылып, 2017 жылдың 8 айымен салыстырғанда 107,9 пайызға көбейіпті. Газдандыру жұмыстары бойынша 64 елді мекеннің бүгінгі таңға 56,2 пайызы табиғи газға қосылған. Қазір 10 елді мекенге табиғи газ қосу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы аудан бойынша 46 елді мекен табиғи газ жүйесімен қамтылып, 71,8 пайызды құрайды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі