“ҚазАвтоЖол" өз ішіндегі жемқорлықты әшкереледі

Қаракөз Амантай 01 қаз. 2024 16:16 1672

"ҚазАвтоЖол" компаниясының комплаенс және қауіпсіздік қызметі өз ішіндегі жемқорлықты анықтап, Антикорға жүгінді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, “ҚазАвтоЖол” компаниясының ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет (ұйымның ішінде жемқорлыққа қарсы шараларды бақылап, олардың дұрыс орындалуын қадағалайтын бөлім) бар.

Осы қызмет пен компанияның қауіпсіздік қызметі  “КАЖСервис” ЖШС-нің Шығыс Қазақстан облыстық филиалының басшылығы бюджет қаражатын жымқырғанын анықтады.

“Істің мән-жайы Шығыс Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне жолданған болатын. Күні кеше осы мәселе бойынша  Қылмыстық кодекстің 189-бабы,  3-бөлігі, 1-тармағы бойынша қылмыстық іс басталды”, - деп жазады компанияның баспасөз қызметі.

Еске салайық, соңғы жылдары Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрес күшейіп келеді. Бұл жағдай мемлекеттік және ұлттық компанияларда комплаенс-қызметтердің енгізілуіне алып келді.

Осы тұста, "ҚазАвтоЖол" компаниясы да өзінің ішкі бақылау жүйесін күшейтіп, жемқорлыққа қарсы қызметке жүгінген болатын. Комплаенс-қызметтің мақсаты — компания ішіндегі заң бұзушылықтарды дер кезінде анықтау әрі оны жоюға әрекет ету. 

Айта кетейік, "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы Қазақстандағы негізгі автожолдарды салумен және оларға қызмет көрсетумен айналысады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар